2026 жылғы 19 мамыр күні сағат 15:00-де Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында республика көлемінде алғаш рет «Жас сақшы» форумы өтеді. Жас сарбаздардың алғашқы ашық алаңы жастар тәрбиесіндегі жаңа бастамалардың ауқымын айқындайтын маңызды іс-шаралардың бірі болмақ.
Ауқымды іс-шараға еліміздің 19 облысынан «Жас сақшы» сыныптары келеді. Форумға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері, еліміздің өңірлерінен келген делегациялар, Жамбыл облысының әкімі, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, Жамбыл облысы Полиция департаментінің жеке құрамы, мектеп директорлары, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары қатысады.
Форум аясында «Жас сақшы» сыныптарының қызметі мен оқушыларға құқықтық және патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылады.
Сахна төрінде мектеп оқушылары буллингтің алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау және жол қозғалысы ережелерін сақтау тақырыптарында арнайы қойылымдар мен сахналық көріністер ұсынады.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында қатысушылар облыстық Полиция департаментінің музейімен танысып, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің көрсетілімдерін тамашалайды. Сондай-ақ Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Халық қаһарманы Ғазиза Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.