Жамбыл облысында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытында жобалық басқару қағидалары мен цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл тәсіл мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырып, стратегиялық міндеттердің орындалуын нақты бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде өңірде жобалық басқару бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда: адами капитал, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және үлгілік базалық бағыт. Осы құрылым тұрақты жобалық архитектура қалыптастырып, өңірлік дамуды жүйелі түрде жүзеге асыруға негіз болып отыр.
2025 жылы Жамбыл облысында бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы 393 жоба іске асырылып, оның 253-і толық аяқталған. Қалған 140 жоба кезең-кезеңімен жалғасуда. Ал 2026 жылы осы жүйе арқылы 146 жаңа жоба енгізілген.
Маңызды өзгерістердің бірі – «Easy Project» жүйесінен «Bitrix» платформасына көшу. Бұл шешім жобаларды басқарудың ашықтығын арттырып, деректерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 300-ден астам мемлекеттік қызметкер осы жүйеде жұмыс істейді.
Жобалық басқару аясында тәуекелдерді талдау, нәтижелерді бағалау, сондай-ақ SWOT және GAP талдау құралдары кеңінен қолданылуда. Бұл тәсілдер жобалардың әлсіз және күшті тұстарын анықтап, басқарушылық шешімдерді дәл қабылдауға көмектеседі.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жүйеге жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жобаларды автоматты бағалау мен бизнес-процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Жамбыл облысында енгізіліп жатқан цифрлық трансформация мен жобалық басқару моделі – мемлекеттік басқарудың тиімді, ашық және заманауи үлгісін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.