Жамбыл облысында шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Қазір өңір бойынша 10 мыңнан астам техника егіс алқаптарына шығып, дән себу науқаны кезең-кезеңімен басталып жатыр, деп хабарлайды baq-orda.kz Qazaqstan Ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.
Биылғы жылы егіс көлемі ұлғайтылып, жалпы алқап 665 мың гектардан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға артық. Өңір диқандары әсіресе жүгері, қант қызылшасы және майлы дақылдардың көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында биыл қуаттылығы жылына 300 мың тонна өнім өңдейтін жүгері өңдеу зауытын іске қосу көзделген. Сонымен қатар, шаруаларға қолдау ретінде 16 мың тоннаға жуық дизель отыны дайындалып, оның литрі 208 теңгеден босатылып жатыр.
Мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасуда. Атап айтқанда, отандық тыңайтқыштар мен будан тұқымдарды сатып алған шаруалардың шығындарының 60 пайызы субсидияланады.
Биыл өңірде суармалы инфрақұрылымды жақсарту үшін 76 канал бетондала бастады. Осыған байланысты кейбір алқаптарға су жетпеу қаупі бар, сондықтан ол жерлерге егіс егілмеуі мүмкін.
Қант қызылшасын қабылдау мәселесін шешу үшін биыл «Меркі қант зауытынан» бөлек, Тараздағы кәсіпорын да өнім қабылдауға дайындалуда. Жоспар бойынша екі зауыт та шамамен 250 мың тоннадан қант қызылшасын қабылдайды.