Жамбыл облысында полиция қызметкерінің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 28 мамыр күні таңертең Қордай аудандық полиция бөлімінде болған. Полиция арнаулы жасағының инспекторы оқ тиіп, ауыр жарақат алған.
Оқиға орнынан қызметкер шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол есін жимастан көз жұмған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Өзіне қол салуға дейін жеткізу» бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Еске сала кетейік, оқиға туралы алғашқы ақпарат Halyqstan Telegram-арнасында жарияланған болатын. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша мәліметтер кейінірек хабарланады.