Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық полиция департаментіне жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Іс-шара барысында өңір басшысы құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің беделін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сіздер заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда маңызды міндет атқарып келесіздер. Жаңа техникалар жұмыстарыңыздың тиімділігін арттырып, жүктелген міндеттерді жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге және материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін облыс әкімдігіне алғыс білдірді.
Биыл полиция департаментінің қажеттіліктеріне жергілікті бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 2,7 миллиард теңге Шу аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратын салуға бағытталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар 717,5 миллион теңгеге 93 қызметтік автокөлік сатып алынған. Оның 88-і бүгін полиция қызметкерлеріне табысталды.
Жалпы 2024-2026 жылдар аралығында облыстық полиция департаментінің автопаркі 193 жаңа қызметтік көлікпен толықты. Атап айтқанда, 2024 жылы – 81, 2025 жылы – 19, ал 2026 жылы 93 автокөлік сатып алынған.
Шара соңында жаңа қызметтік автокөліктер сап түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті. Осылайша олар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы күнделікті қызметтеріне кірісті.