Жамбыл облысында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы аясында ауқымды кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бағдарлама білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қауіпсіздік, мәдениет және спорт салаларын қамтиды. Жалпы қаржыландыру көлемі 10 миллиард теңгеден асады.
Жоба білім басқармасымен қатар барлық құзырлы органдардың бірлескен жұмысы арқылы іске асырылады.
Бағдарламаның ең ірі қаржыландыру көлемі білім беру саласына бағытталған. 2026–2030 жылдары бұл салаға жалпы 3,9 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Оның ішінде:
2026 жылы – 755,6 млн теңге;
2027 жылы – 466,1 млн теңге;
2028 жылы – 986,5 млн теңге;
2029 жылы – 932,8 млн теңге;
2030 жылы – 843,9 млн теңге қарастырылады.
Негізгі басым бағыттардың бірі – жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелерін енгізу. Бұл мақсатқа 2028 жылдан бастап 2030 жылға дейін жыл сайын 588,8 млн теңге бөлінеді.
Сонымен қатар 2026–2028 жылдары денсаулық сақтау саласына шамамен 2,9 млрд теңге бағытталады. Қаражат балаларға қатысты зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету кабинеттерін ашуға, ерте араласу және оңалту орталықтарын құруға, балалар ауруханаларын жаңғыртуға, психикалық денсаулық орталықтарында оңалту төсектерін ашуға, сондай-ақ мектептерде стоматологиялық профилактика кабинеттерін ұйымдастыруға жұмсалады.
Әлеуметтік қорғау жүйесіне 2028–2029 жылдары 920 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бұл бағыт ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және оңалту орталықтарын ашуға арналмақ.
Қауіпсіздік саласына Жамбыл облысы Полиция департаменті арқылы 2026–2030 жылдары 380 млн теңге бөлінеді. Негізгі шаралардың бірі – білім беру ұйымдарының маңына жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фото және бейнефиксация камераларын орнату.
Мәдениет саласында ауылдық жерлердегі балаларға арналған тегін үйірмелер мен секцияларды ашуға жыл сайын шамамен 1,8 млн теңге қарастыру жоспарланып отыр.
Ал дене шынықтыру және спорт бағытында балаларды жүзуге үйрету бағдарламасы тұрақты түрде қаржыландырылады. Жыл сайын бұл мақсатқа 122–148 млн теңге бөлінеді.
Сондай-ақ 2027–2030 жылдары балаларға арналған қауіпсіз су айдындарын, жағажайлар мен бассейндерді ұйымдастыру, мектеп маршруттарын жол жөндеу бағдарламаларына енгізу көзделген.
Бұл бағыттарға бөлінетін қаржы көлемі кезең-кезеңімен 805 млн теңгеге дейін ұлғаяды.