Жамбыл облысында жүкті әйелдің денсаулығына байланысты сот ісі қаралып, медициналық мекеменің жауапкершілігі анықталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сот материалдарына сәйкес, әйел аудандық ауруханада «ерте токсикоз» диагнозымен ем қабылдаған. Алайда емдеу барысында оның жағдайы жақсарудың орнына күрт нашарлаған.
Кейін науқас шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер медициналық көрсеткіштерге байланысты жүктілікті тоқтатуға мәжбүр болған. Оқиғадан кейін әйелге III топтағы мүгедектік тағайындалды.
Істі қарау барысында медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Сараптама қорытындысы дәрігерлер тарапынан тиісті талаптардың толық сақталмағанын көрсеткен.
Нәтижесінде сот медициналық мекемені науқастың пайдасына материалдық және моральдық шығын өндіруге міндеттеді. Сот шешімі бойынша аурухана 5,5 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуі тиіс.
Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енгені хабарланды.