Контентке өту

Жамбыл облысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы бастау алды

Жамбыл облысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы бастау алды

Жамбыл облысында алғаш рет «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум өтті. Басқосуда көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік, тұрғындармен кері байланысты күшейту және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) мен пәтер иелері кооперативі (ПИК) жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, сондай-ақ мәслихат депутаттары, сала мамандары және өңірдегі МИБ пен ПИК басшылары қатысты.

Жиында Шолпан Каринова аталған жоба көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, депутаттар және әкімдіктермен өзара байланысты нығайту, аулаларды абаттандыру, «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен қолдану көзделген.

– Тариф, абаттандыру, жарықтандыру, лифт, интернет пен қауіпсіздік мәселелері тұрғындар үшін өте маңызды. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде биылдың өзінде еліміздің 11 өңірінде форум-семинарлар өтіп, нақты нәтиже берді. Енді бұл бастама Жамбыл облысында жалғасып отыр, – деді ол.

Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев тұрғын үйді басқару мәселесі халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне тікелей әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл саладағы басты міндет – ашықтықты күшейту, тұрғындардың сенімін арттыру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру.

Қазіргі таңда облыста 2 101 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның 1 811-і кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Жыл соңына дейін 110 үйді тіркеу жоспарланып отыр.

Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров елдегі әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңнамалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал Қанат Мыңбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Сонымен қатар Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өңір орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және басқару жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Форум барысында сала өкілдері де өз пікірлерін білдірді. ПИК ассоциациясы төрағасының орынбасары Елена Цой мен «Ел аман-2023» басқарушы компаниясының директоры Мирасхан Дауылбаев жоба тұрғындардың мүддесін қорғауға, басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Іс-шара оқыту семинарымен жалғасып, қатысушылар практикалық білімдерін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгерді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты