Таразда өткен брифингте облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Төрегелдиев өңірдегі еңбек нарығына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 42 875 жұмыс орнын құру жоспарланған. Есепті кезеңде 4 847 жұмыс орны ашылып, жоспар 11,3 пайызға орындалған. Оның ішінде 3 283-і тұрақты жұмыс орындары болса, бұл бағыттағы жалпы жоспар 26 522 орынды құрайды.
Жыл басынан бері мансап орталықтарына 6 099 жас жүгініп, олардың 1 947-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. «Еңбек.kz» ақпараттық жүйесінде тіркелгендер саны 14 442-ге жетсе, оның 4 728-і жастар. Сонымен қатар, 5 394 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алған.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 741 адам жолданып, бұл көрсеткіш жоспардың 9,2 пайызын құрады. Жалпы бұл бағытта 8 045 адамды қамту көзделген.
Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында биыл облыста 6 750 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 1 396 жұмыс орны ашылып, жоспар 20,7 пайызға орындалған.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар беру жұмысы жалғасуда. Биыл 820 адамға грант беру көзделген. Құжат қабылдау процесі толық автоматтандырылған.
Кәсіптік оқыту бағытында 1 085 адамды қамту жоспарланған. Оның 750-і білім беру ұйымдарында, 335-і жұмыс берушілер жанында оқытылады. Сонымен қатар, «Skills Enbek» порталы арқылы 2 820 адамды онлайн оқыту көзделсе, қазіргі таңда 725 адам жолданып, оның 121-і сертификат алған. Ал «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 593 адам оқуға жіберіліп, 173-і сертификатқа ие болған. Жалпы бұл бағыттағы жоспар 4 375 адамды құрайды.
Жұмыссыздарды еңбек нарығына тартудың тағы бір тетігі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Биыл 15 мыңнан астам адамды қамти отырып, 120 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 20 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 278 адам жұмыспен қамтылған.
Атқарылған шаралардың нәтижесінде өңірдегі еңбек нарығында тұрақтылық сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.
Жауапты басқарма жыл соңына дейін барлық жоспарланған көрсеткіштер толық орындалатынын мәлімдеді.