Контентке өту

Жамбыл облысындағы петроглифтерді кешенді зерттеу басталды

Жамбыл облысындағы петроглифтерді кешенді зерттеу басталды

Жамбыл облысында көне мұраларды ғылыми тұрғыда зерделеудің жаңа кезеңі басталды. Байзақ ауданындағы Қарасай шатқалында орналасқан петроглифтерді кешенді зерттеу жұмыстарына археологтар мен тарихшылар кірісті. Бұл бастама өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін тереңірек ашуға бағытталған жүйелі қадамдардың бірі, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Ғылыми топтың негізгі мақсаты – жартастағы суреттерді толық тіркеп, олардың мазмұны мен кезеңдік ерекшеліктерін анықтау. Зерттеу нәтижелері негізінде Қарасай петроглифтер кешенін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге өтінім беру жоспарланып отыр.

Қарасай шатқалы табиғи көркемдігімен ғана емес, ежелгі дәуірлерден сыр шертетін көптеген тасқа қашалған бейнелерімен де ерекшеленеді. Бұл жердегі петроглифтерді алғаш рет жергілікті өлкетанушы Жамбыл Беспаев анықтаған. Кейінірек, 2000 жылдардың басынан бастап, мамандар тарапынан жүйелі зерттеу жұмыстары қолға алынған.

Зерттеулер барысында ғалымдар үш мыңнан астам бірегей петроглифті анықтаған. Олардың қатарында қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырларға тән бейнелер бар. Жартастарда арқар, түйе, бұғы, таутеке сияқты жануарлар, сондай-ақ адам бейнелері мен аңшылық көріністері жиі кездеседі. Бұл суреттер ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан мол мәлімет береді.

Қазіргі таңда зерттеушілер заманауи технологияларды да кеңінен қолдануда. Атап айтқанда, петроглифтер арнайы тіркеліп, дрондардың көмегімен аумақтың цифрлық үлгісі жасалуда. Бұл тәсіл тарихи нысанның дәл ғылыми сипаттамасын жасауға және оның бірегейлігін дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Мемлекет қорғауына алынған бұл кешенді ғалымдар «ашық аспан астындағы галерея» деп атайды. Қарасай петроглифтері әлі толық зерттелмеген, сондықтан оның құпиялары мен ғылыми маңызы алдағы уақытта да терең зерделене бермек.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты