Жамбыл облысының полицейлері ерекше қажеттілігі бар 6 жасар Мұхаммедтің көптен бергі арманын жүзеге асырып, оған қуанышқа толы күн сыйлады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Баланың анасының айтуынша, ұлы полиция қызметкерлерімен жақын танысып, патрульдік автокөлікпен серуендеуді көптен бері армандаған. Бұл тілекті естіген тәртіп сақшылары кішкентай жанкүйердің қуанышы үшін арнайы кездесу ұйымдастырды.
Шара барысында Мұхаммед полиция қызметкерлерімен танысып, олардың күнделікті қызметі туралы мәлімет алды. Сондай-ақ ол патрульдік көлікке отырып, қала көшелерін аралады. Бұл сәт бала үшін ерекше әсерге толы болды.
Полицейлер кішкентай қонаққа тосынсый дайындап, оған ойыншық полиция көлігін, әуе шарларын және мерекелік торт табыстады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл күні олар үшін ең үлкен марапат – баланың шынайы қуанышы мен жүзіндегі бақытты күлкі болды.
Мұндай игі бастамалар полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, балалардың арманына қанат бітіруге мүмкіндік береді.