Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Семей қаласында өткен практикалық атудан Қазақстан Республикасының Кубогында жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында ұйымдастырылған республикалық жарысқа еліміздің құқық қорғау және күштік құрылымдарының үздік мергендері қатысты. Турнир барысында қатысушылар қарумен жұмыс істеу шеберлігін, дәлдігін, жылдамдығын және күрделі жағдайда жедел шешім қабылдау қабілетін сынға салды.
Практикалық ату спорты жоғары кәсіби дайындықты талап етеді. Бұл сайыста мергендікпен қатар, уақытпен санаса отырып әрекет ету, жинақылық пен жауапкершілікті сақтау ерекше маңызға ие.
Жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл облысы Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының инспекторы Ерлан Ералиев жоғары шеберлік танытып, жеке есепте бірінші орынды жеңіп алды. Оның бұл жетістігі кәсіби дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Сондай-ақ облыс командасының қоржынына тағы бір жүлдені Полиция департаменті Арнайы және кәсіби даярлық басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Салтанат Раимбекова салды. Ол жарыс нәтижесінде екінші орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді.
Республикалық деңгейдегі додаға қатысу полицейлерге өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін көрсетуге, әріптестерімен тәжірибе алмасуға және қызметтік міндеттерді орындауға қажетті дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Жамбыл облысы Полиция департаменті жарыс жүлдегерлерін жоғары нәтижелерімен құттықтап, алдағы қызметтеріне толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.