Контентке өту

Жамбыл спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан елге оралды

Жамбыл спортшылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан елге оралды

Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, ел қоржынына жүлде салған Жамбыл облысының спортшылары мен олардың жаттықтырушарын қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қырғыз Республикасында 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған халықаралық додаға әлемнің әр түкпірінен спортшылар жиналып, ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы сапында Жамбыл облысының өкілдері де бірнеше спорт түрінен бақ сынады.

Салтанатты шараға Жамбыл облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар мен олардың ата-аналары және жақындары қатысты.

Жамбылдықтардың қатарында жамбы атудан Абзал Тұлыбеков, құсбегіліктен Серікболсын Жалғасұлы мен Бақдәулет Бабажан, армрестлингтен Малена Сыдықжан мен Бақыт Ақжигитов, қазақ күресінен Ернұр Сүлеймен өнер көрсетті.

Ал ордо ойынында Нұрсұлтан Қалманбетов, Райымбек Кенжебайұлы және Ерсұлтан Тоқтасынұлы, көкпарда Құрманбек Тұрғанбек, Елдос Асыл, Ернат Малымбай, Ерғалім Жақсылық, Қуаныш Бейсен және Ерсұлтан Әзімбаев облыс намысын қорғады.

Көкбөріден Есжан Құрманбай мен Құлажан Тоғайбаев, ат спорты сайыстарынан Рамазан Табылдиев, Нұрбек Парахат, Диас Жеңіс және Расул Газаев, ал номад грэпплингтен Аяна мен Аскербек Иса Жамбыл облысының атынан халықаралық додаға қатысты.

Кездесу барысында спортшылардың жетістіктері атап өтіліп, олардың ел мерейін асқақтатудағы еңбегіне жоғары баға берілді. Жаттықтырушыларға да шәкірттерін жарысқа дайындаудағы қажырлы еңбегі үшін алғыс айтылды.

Спортшылар өз кезегінде жарысқа дайындық барысы мен халықаралық додадағы әсерлерімен бөлісті.

Жамбы атудан сынға түскен Абзал Тұлыбеков үшін бұл жарыс кәсіби шеберлігін шыңдап, Қазақстанның көк байрағын халықаралық аренада биіктетуге мүмкіндік берген маңызды дода болды.

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – үлкен дайындықты талап ететін ауқымды жарыс. Әрбір спортшы үшін мұнда ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Жеңістің артында күнделікті жаттығу, жаттықтырушының еңбегі және жақындардың қолдауы тұр. Жамбыл облысының атынан өнер көрсетіп, ел қоржынына үлес қоса алғаныма қуаныштымын. Бұл нәтиже алдағы жарыстарға бұдан да жоғары мақсат қоюыма жігер берді», – деді Абзал Тұлыбеков.

Жиын соңында спортшылар мен жаттықтырушыларға мықты денсаулық, толағай табыс және халықаралық ареналарда жаңа жеңістер тіленді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты