Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылында жаңғыртудан өткен саябақ пен жаңадан салынған сахна арада жыл өтпей жатып жарамсыз күйге түсті. Ауыл тұрғындары бюджет қаржысына жасалған жобалардың сапасына наразы, деп хабарлайды baq-orda.kz.
2025 жылдың жазында ғана пайдалануға берілген нысандар бүгінде әбден тозған. Саябақтағы орындықтар опырылып, төсеніш плиткалар қираған. Жарық бағаналары қисайып, кейбірі құлауға шақ тұр. Балаларға арналған әткеншектер істен шығып, темір құрылымдары бүлінген.
Тұрғындардың айтуынша, абаттандырылған аумақ қазір қараусыз қалған орынға айналған. Көгал қурап, айналаны арамшөп басқан, қоқыс та көбейген.
Ауыл тұрғыны Алмаз Әмірбековтің сөзінше, 13 миллион теңге жұмсалған сахна халықтың көңілінен шықпаған. Ал жалпы саябақтың сапасы 14 мыңнан астам тұрғыны бар ауылға сай емес.
Тағы бір тұрғын Сады Қуатбеков бюджеттен бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғаны жөнінде халыққа нақты есеп берілмегенін айтады. Оның пікірінше, 25 миллион теңге игерілгенімен, нәтиже соған сәйкес келмейді.
Соңғы 1,5 жылда ауылда үш әкім ауысқан. Бұл да жобалардың сапасына әсер етуі мүмкін.
Жергілікті әкімдік мердігер жұмысты толық аяқтамағанын мойындады. Олардың мәліметінше, мердігерге ескерту берілген және кепілдік мерзімі аясында барлық ақауларды түзетуі тиіс.
Әкімдік өкілдері мердігер көктемде келіп, жұмыстарды толық аяқтайтынын хабарлады. Аудан әкімдігі де мәселені бақылауға алған. Қосымша бюджет қаражаты бөлінбейді, барлық шығынды мердігер өз есебінен өтейді.
Айта кетейік, Бурыл ауылында алдағы сәуір айында әкім сайлауы қайта өтеді.