Контентке өту

Жамбылда жасөспірімдер қауіпсіздігіне басымдық берілуде: 785 полицей мектептерге бекітілді

Жамбылда жасөспірімдер қауіпсіздігіне басымдық берілуде: 785 полицей мектептерге бекітілді

Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталысымен білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда өңірдегі 531 мектеп пен 42 колледжге 785 полиция қызметкері бекітілген.

Полиция қызметкерлері оқу орындарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларға қатысуда.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде техникалық мүмкіндіктер де кеңейтіліп келеді. Мектептердегі бейнебақылау камераларын Жамбыл облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жағдайды орталықтан бақылап, құқық бұзушылыққа жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Ювеналдық полицияның жұмысын күшейту мақсатында қызметтік көлікпен қамтуға да көңіл бөлінген. Қызметкерлерге 13 жаңа автокөлік берілді. Олар профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер мен отбасыларға, сондай-ақ білім беру ұйымдарына жедел баруға пайдаланылады.

Жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған «Жас сақшы» жобасы да жалғасуда. Қазіргі уақытта облыста 43 сынып жұмыс істеп, жобаға шамамен 900 бала қатысып отыр.

Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген қылмыстар саны 15,2 пайызға азайған. Бұған дейінгі 99 дерекпен салыстырғанда көрсеткіш 84 жағдайға дейін төмендеген.

Сонымен қатар есепті кезеңде 390 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамаған 141 ата-ана профилактикалық есепке алынған. Қазіргі уақытта есепте 277 қолайсыз отбасы мен 176 жасөспірім тұр.

Жүргізілген рейдтер барысында полиция органдарына 9 084 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 8 988 әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың басым бөлігі жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жүруіне және ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамауына байланысты.

Полиция департаменті құқық бұзушылықтың алдын алуда тек бақылау шараларымен шектелмей, түсіндіру жұмыстарына да басымдық беріп отыр. Есепті кезеңде білім беру ұйымдарында 7 756 дәріс пен кездесу өткізілсе, интернет кеңістігінде жасөспірімдерге арналған 1 955 бейнеролик жарияланған.

Мамандардың талдауынша, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа ата-аналық бақылаудың әлсіздігі, баланың қараусыз қалуы, әлеуметтік орта, интернеттегі теріс ақпарат және отбасындағы тұрмыстық мәселелер әсер етуі мүмкін.

Сондықтан өңірдегі негізгі бағыт – жасөспірім құқық бұзушылық жасағаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын ала алдын алу және балаға қауіпсіз орта қалыптастыру.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты