Контентке өту

Жамбылдағы арнайы кітапхана инклюзивті қызметті цифрлық технологиялармен ұштастырып келеді

Жамбылдағы арнайы кітапхана инклюзивті қызметті цифрлық технологиялармен ұштастырып келеді

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы көру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпарат пен әдебиетке қолжетімділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.

Кітапхана қызметінің басты ерекшелігі – әдебиеттерді оқырманға бірнеше қолжетімді форматта ұсыну. Қорда Брайль қарпіндегі нүктелі-бедерлі, жайпақ баспалы, дыбыстандырылған және бедерлі-графикалық басылымдармен қатар электронды әдебиеттер де бар.

Жамбыл облысында облыстық арнайы кітапханамен бірге 9 аудандық арнайы бөлім жұмыс істейді. Облыстық кітапханада 25 қызметкер еңбек етеді, оның 19-ы оқырмандарға тікелей мәдени-кітапханалық және библиографиялық қызмет көрсетеді.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында кітапхананың 1490 оқырманы болды, оның 451-і – зағип азаматтар. Кітап қоры 40 469 дананы құрайды, оның ішінде 19 569 кітап мемлекеттік тілде.

Есепті кезеңде кітапхана қоры тағы 141 кітаппен толықты. Оның 123-і қазақ тіліндегі әдебиеттер. Сонымен бірге өңір мен республикадағы мерейтой иелеріне арналған 6 атаудағы 38 кітап Брайль қарпімен жарық көрді.

Кітапхана жұмысының маңызды бағыттарының бірі – заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану. 2026 жылдың алғашқы алты айында 6 мыңға жуық адамның қатысуымен 66 іс-шара өткізілді. Оның 56-сы офлайн, 10-ы онлайн форматта ұйымдастырылған.

Әсіресе ұлттық әдебиетті жаңа технологиялармен ұштастырған жобаларға ерекше мән берілуде. Күләш Ахметоваға арналған жасанды интеллект поэтикалық баттлы мен Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай өткізілген «INSTA-АҚЫН» инновациялық байқауы соның мысалы. Жамбыл мен Құлмамбет айтысының жасанды интеллект көмегімен жасалған жаңа форматтағы нұсқасы да көрермен назарына ұсынылды.

Инклюзивті бағыттағы 13 жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – Аналар күніне орай ұйымдастырылған «Жүрек көзімен көретін ана» облыстық байқауы. Оған Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандары мен Тараз қаласынан көру қабілеті бұзылған аналар қатысты.

«Мобильді кітапхана» жобасы аясында QR-код арқылы 100-ге жуық аудиокітапқа қолжетімділік қамтамасыз етілген. Ал зағип балалар мен жасөспірімдерге арналған инклюзивті әдебиеттер 4 форматта әзірленіп келеді. Қазіргі таңда кітапхана қорында 16 атаудағы осындай кітап бар.

Оқырмандарға қашықтан қызмет көрсету де жолға қойылған. WhatsApp-тағы «Кітапхана оқырмандары» әдеби чатындағы қатысушылар саны 2025 жылғы 62 адамнан бүгінде 100-ге жуық адамға артқан.

2026 жылы кітапхана өңірдің әдеби мұрасын сақтауға бағытталған «Алтын қор» аудиожобасын іске қосты. Жобаның ерекшелігі – қаламгерлер өз шығармаларын өз даусымен оқып, әдеби туындыларымен бірге авторлық үнін де сақтап қалуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жобаға 18 қаламгер қатысып үлгерді.

Сонымен бірге кітапханада «Зағип және компьютер» және «Брайлист» үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Оқырмандар компьютерлік сауаттылықты, цифрлық технологияларды және Брайль қарпін меңгеруде.

Алдағы кезеңде кітапхана инклюзивті жобаларды кеңейтіп, Брайль және аудио әдебиеттер қорын толықтыруды, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды жалғастырады.

Кітапхана ұстанымы – көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға шектеулі мүмкіндік емес, шексіз қолжетімділік ұсыну.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты