Қарағанды қаласында 18–22 наурыз аралығында каратэден (WKF) юниорлар және жастар (U21) арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ел біріншілігіне Қазақстанның әр өңірінен келген 15 команда құрамындағы 650-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған жарыс – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, республикалық деңгейде тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік беретін маңызды дода. Турнир барысында қатысушылар ката және кумитэ бағыттары бойынша өзара бақ сынасып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл облысының құрама командасы айрықша нәтижеге қол жеткізді. Өңір намысын қорғаған спортшылар 7 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 2-орынды жеңіп алды. Бұл – жүйелі дайындық пен бапкерлер еңбегінің айқын жемісі.
Жамбылдық каратэшілердің бұл жетістігі өңір спортының дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да олар халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.