Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттары аясындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл бастама еріктілер қозғалысының қоғамдағы рөлін арттырып, азаматтық белсенділікті дамытуға жаңа серпін берді.
Жамбыл облысында волонтерлік қызметтің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Азамат Намелбек. Ол еріктілер қатарындағы жолын «Темірқазық» ұйымында қарапайым қатысушы ретінде бастап, бүгінде көшбасшы деңгейіне дейін көтерілді.
Пандемия кезінде халыққа азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстарын ұйымдастырған Азамат төтенше жағдайлар кезінде де белсенділік танытып, бірнеше қалада гуманитарлық көмекті үйлестіруге атсалысты. Сондай-ақ Түркия мен Сирияға жіберілген гуманитарлық жүктерді ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, халықаралық қайырымдылық бастамаларына үлес қосты.
Қоғамдық қызмет барысында ол 12-ден астам әлеуметтік жобаның жүзеге асуына мұрындық болды. Нәтижесінде мыңдаған жас қолдау тауып, жүздеген азамат жұмысқа орналасуға және түрлі гранттарды жеңіп алуға мүмкіндік алды.
Еңбегі еленген Азамат Намелбек Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медалімен және «Жыл волонтері – 2022» сыйлығымен марапатталған.
Қазіргі таңда ол Жамбыл облысы бойынша Ұлттық волонтерлер желісінің амбассадоры әрі өңірлік Жастар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып келеді.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында 13 волонтерлік ұйым мен 160 еріктілер тобы жұмыс істейді. Өңірдегі волонтерлер саны 10 мыңға жуықтайды. Ал Халықаралық волонтерлер жылы басталғалы бері облыс көлемінде 500-ден астам әлеуметтік және қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылған.