Контентке өту

Жаңатас қаласының жылу жүйесі жаңғыртылуда

Жаңатас қаласының жылу жүйесі жаңғыртылуда

Қалалық қазандықты табиғи газға көшіру – жылу сапасы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды жоба

Жаңатас қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту және қалалық қазандықты табиғи газға көшіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы жоғары жоба қала тұрғындарын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге, жылу өндіру жүйесінің тиімділігін арттыруға және қазандықтың жұмысын заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған.

Жоба облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында қалалық жылу жүйесін жаңғырту, қазандықты қайта жабдықтау және заманауи технологияларды енгізу көзделген.

Қазандық табиғи газға көшірілуде

Қазіргі таңда жобаның негізгі кезеңдері жүзеге асырылып жатыр. Қалалық қазандыққа тартылған газ құбырына «QazaqGaz» өкілдерімен бірлесіп қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өткен аптада қазандыққа табиғи газ жеткізіліп, жүйені іске қосуға қажетті техникалық жұмыстар басталды.

Қазандыққа жаңа BOSCH қазандықтары орнатылып, оларды табиғи газбен іске қосу, реттеу және техникалық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Мамандар жабдықтардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті сынақтар мен реттеу жұмыстарын кезең-кезеңімен орындауда.

Бұл ретте әрбір техникалық талаптың сақталуына ерекше мән берілуде. Себебі жаңа жабдықтарды дұрыс іске қосу және сынақтан өткізу алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуінің маңызды шарттарының бірі.

Жылу сапасы мен тиімділік артады

Қазандықты табиғи газға көшіру – тек отын түрін ауыстырумен шектелмейтін кешенді жаңғырту жұмысы. Жоба қаланың жылу энергетикасы жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Табиғи газды пайдалану қазандықтың жұмыс тиімділігін арттырып, жылу энергиясын өндіру үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен бірге заманауи жабдықтарды қолдану отын шығынын тиімді пайдалануға, қазандық жұмысының сенімділігін арттыруға және атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын атап өтіп, газ тұтыну көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын айтқан болатын.

«Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан жылға көбірек тұтынуда. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы.

Осы тұрғыдан алғанда, Жаңатас қаласының жылу жүйесін табиғи газға көшіру – инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, энергия тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Негізгі мақсат – тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету

Қазір мамандар қазандықтың жаңа жабдықтарын іске қосу, реттеу және сынақтан өткізу жұмыстарын жалғастыруда. Барлық техникалық кезеңдердің белгіленген талаптарға сай орындалуы басты назарда.

Жобаның толық іске асуы нәтижесінде Жаңатас қаласының жылу жүйесінің тиімділігі мен сенімділігі артып, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейеді.

Жаңғыртылған қазандық қаланың жылу энергетикасы жүйесін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, оның ұзақ мерзімді әрі тұрақты жұмыс істеуіне негіз қалыптастырады. Басты міндет – Жаңатас тұрғындары үшін қауіпсіз, сапалы және тұрақты жылумен қамтамасыз етудің берік жүйесін қалыптастыру.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты