Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес — мемлекеттік саясаттың өзгермес басым бағыты. Бүгінгі таңда бұл саланың құқықтық іргетасы заман талабына сай жаңарып, жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Атап айтқанда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамаға енгізіліп жатқан жаңа өзгерістер мен толықтырулар қоғамдағы келеңсіз құбылыстардың алдын алу тетіктерін одан әрі күшейте түсуде.
Бұл ретте тек құқықтық тетіктерді жетілдіріп қоймай, әрбір азаматтың санасында төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» бағдарының темірқазығы — «Адал азамат» тұжырымдамасы осы мұраттарды көздейді. Осы орайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың «заманауи мемлекеттік қызметшінің бойында кәсібилікпен қатар ішкі мәдениет пен адалдық қағидасы қатаң сақталуы тиіс» деген ұстанымы әрбір сала маманы үшін басты бағдар болуға тиіс.
Себебі сыбайлас жемқорлықпен күрес — қағаз жүзіндегі стратегия немесе құрғақ есеп емес, ол күнделікті табанды іс-қимылды, нақты нәтижелерді талап ететін үздіксіз үдеріс. Мемлекеттік деңгейдегі осындай ауқымды бастамалар өңірлерде де өз жалғасын тауып жатыр. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен түрлі форматта іс-шаралар өткізіліп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса көңіл бөлінуде. Мәселен, жыл басынан бері ұйымдастырылған осындай 200-ден аса кездесулер мен акцияларға 15 000-ға жуық азамат белсенді қатысып, бұл өңірдегі қоғамдық сананың трансформациялануына айтарлықтай серпін берді. Аймақтағы бұл сындарлы саясат тек бұқаралық шаралармен шектелмей, мекеме ішіндегі жүйелі тетіктермен де мықты сабақтастық табуда.
Қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде комплаенс-офицерлердің рөлі ерекше маңызға ие болып отыр. 2026 жылдың басынан бері бұл мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған арнайы семинарлар өткізіліп, жұмыс сапасы жаңа деңгейге көтерілу сатысында. Мүдделер қақтығысын дер кезінде реттеу және ішкі талдау механизмдерін жетілдіру — мемлекеттік аппаратты кез келген кедергілерден арылтып, толық ашықтыққа қол жеткізудің басты алғышарты болып табылады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аудандарда да өз жалғасын табуда.
Атап айтқанда, Жамбыл ауданында «Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын дамыту. Мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жүйесіндегі «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы» тақырыбында маңызды семинар ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты — квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметінің әлеуетін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді тетіктерін талқылау және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыру. Алқалы жиынға мемлекеттік мекеме өкілдері, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, жастар мен қоғам белсенділері қатысып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Мұндай іс-шаралар қоғамда адалдық құндылықтарын терең сіңіріп, ашықтық пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тек тәртіп пен бақылау тетіктерін жетілдіріп қана қоймай, бұл игі бастамаларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру де басты назарда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда өскелең ұрпақтың рөлі зор. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың бірі ретінде «Әділетті Қазақстан – Адал азамат!» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы көрініс байқауы өткенің айта аламыз. 400-ге жуық жасты қамтыған шарада қатысушылар сахналық қойылымдар арқылы адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарын насихаттап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын жеткізді.
Мұндай іс-шаралар жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғамдағы «Адал азамат» идеясын дәріптеуге айрықша үлес қосатыны анық.
Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күрес — тек құқықтық шаралар мен қатаң бақылау жүйесі ғана емес, ол тұтас қоғамның санасын жаңғыртып, адалдық пен әділдікті басты құндылық ретінде орнықтыратын ортақ іс. Елімізде, соның ішінде Жамбыл өңірінде жүзеге асырылып жатқан жүйелі бастамалар мен комплаенс институтының әлеуетін арттыру жұмыстары бұл бағыттағы саясаттың нақты нәтиже бере бастағанын көрсетеді. Ал өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен парасаттылық қасиеттерін сіңіру — «Әділетті Қазақстанның» жарқын болашағы мен келешек дамуының ең берік іргетасы.
Көпдікбаев Болат Исаханұлы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы