Т.Рысқұлов ауданы ежелден ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналады. Бұл жерде жердің құнарын еңбекпен ұштастырған шаруалар егін егіп, мал өсіріп қана қоймай, аудан экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Бүгінде аграрлық сектордағы жүйелі мемлекеттік қолдау мен заманауи технологиялардың енгізілуі ауыл еңбеккерлерінің мүмкіндігін кеңейтіп, өндіріс көлемінің тұрақты өсуіне жол ашуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Биылғы бес айдың қорытындысында ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсетті. Әсіресе мал шаруашылығы тұрақты дамып, өндірілген өнім көлемі 5 миллиард теңгеден асты. Бұл аудан тұрғындарының дәстүрлі кәсібі жаңа экономикалық талаптарға бейімделіп, өндірістің тиімділігі артып келе жатқанын аңғартады.
Қазіргі таңда ауданның жалпы жер қоры 908 мың гектардан асады. Оның 761 мың гектардан астамы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Оның ішінде егістік, жайылым, шабындық пен көпжылдық екпелер бар. Осындай табиғи әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында шаруалар өндірісті әртараптандыруға басымдық беруде.
Соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылуда. Биыл 11 шаруашылық 1135 гектар алқапқа қант қызылшасын орналастырды. Бұл дақыл өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі саналады. Егіс науқанының сапалы өтуі үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 11 мың тоннадан астам дизель отыны бөлініп, шаруалардың маусымдық жұмыстарды уақытылы жүргізуіне жағдай жасалды.
Ауылдағы еңбек өнімділігін арттыруда техникалық жаңғырту да маңызды рөл атқаруда. Қазіргі таңда ауданда мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Биыл ғана шаруашылықтар жалпы құны жарты миллиард теңгеден асатын 36 жаңа техниканы сатып алды. Бұл жұмыстар өндіріс тиімділігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етуде.
Сонымен қатар, ауданда ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Шаруаларға субсидиялар беру, жеңілдетілген несие ұсыну, минералды тыңайтқыштар мен тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде ауыл кәсіпкерлерінің өндірісті кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндігі ұлғайып келеді. Алдағы кезеңде су үнемдеу технологияларының көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесін көбейту және экспорттық әлеуетті күшейту негізгі басымдықтардың бірі болмақ. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының тұрақты дамуына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.