Танымал продюсер Баян Алагөзова шоу-бизнес өкілдерінің дінге қатысты ұстанымына байланысты өткір пікір білдірді. Ол бұл ойын Qazaq Ordasy арнасына берген сұхбатында ашық айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Продюсердің сөзінше, кейбір танымал тұлғалар қасиетті Мекке қаласына жасаған сапарын әлеуметтік желіде жариялап, әр сәтін көрсетеді. Алайда елге оралған соң бұрынғы өмір салтына қайта түсетінін атап өтті.
«Мұның бәрін көрсету — мәдениетсіздік. Ал кейін бәрі бұрынғыдай жалғаса берсе, бұл — екіжүзділік. Біреу мұны айтуы керек», – деді ол.
Баян Алагөзова әріптестеріне үндеу жасап, мұндай маңызды қадамға шынайы ниетпен бару қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қасиетті сапар — жай ғана тренд немесе көрсетілім үшін емес, адамның ішкі өзгерісіне себеп болуы тиіс.
«Егер Меккеге баратын болсаңыздар, мың рет ойланыңыздар. Кейін келіп алып, қайтадан бұрынғы әдеттеріңізге оралсаңыздар, оның мәні қандай?» – деп атап өтті продюсер.
Бұл пікір әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылар арасында түрлі көзқарас қалыптастырды. Бірі продюсердің ойын қолдаса, енді бірі оны артық сын деп қабылдады