Жузефина өткен өміріндегі ауыр кезең туралы алғаш рет ашық айтты. Танымал блогер Instagram сторисінде 2018 жылы қаржылық қиындыққа тап болып, жұмыс іздеп, жақындарынан көмек сұрағанымен қолдау көрмегенін жазды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның сөзінше, сол кезде күнкөріс қамымен вебкам саласына барған. Алайда бұл жағдай кейін көпшілікке тарап кетіп, блогер жылдар бойы сын мен мазақтың нысанына айналған. Жүзефина ақпараттың таралуына өзімен бірге оқыған таныстарының бірі себеп болғанын айтып, осы күнге дейін кибербуллингке ұшырап келе жатқанын жеткізді.
«Бұл туралы бірде-бір сұхбатымда айтпадым. Бірақ мен сияқты қолдаусыз қалған қаншама қазақ қызы бар. Кейбірі мұндай сынаққа шыдамай кеткен», – деп жазды ол.
Блогер адамдарды біреудің өткенін бетіне басып, өмір бойы айыптай бермеуге шақырды. Сондай-ақ қазіргі қоғамда кибербуллингтің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтып, ешкімнің баласы мұндай жағдайға тап болмайтынына кепіл жоқ екенін ескертті.
Бұдан бөлек, Жүзефина өзіне бағытталған сындарға жауап беріп, қазақ тілі мен әдебиетіне деген құрметі бала кезден қалыптасқанын айтты. Ол өзін сынаушыларға білім мен мәдениет мәселесіне көбірек көңіл бөлуге кеңес берді.
Блогердің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.