БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жалынмен күрескен жауынгер

Жалынмен күрескен жауынгер
pavlodarnews.kz
Өрт деген сөзді естіген кезде адамның бойын қорқыныш сезімі билейтіні жасырын емес. Жолындағыны жайпап кететіндіктен қазақ халқы оны «тілсіз жауға» теңеген.

Қызыл жалыннан қаймықпай, қызметіне асқан жауапкершілікпен қарай білетін  өртсөндірушілерді  бүгінгі күннің нағыз батырлары десек жарасады. Сала мамандарымен сұхбаттасып, өрт қауіпсіздігі туралы  сұрағанда «ол біздің жұмысымыз ғой» деп қысқа ғана қайырады. Бүгінгі мақаламызда мақтан сүймейтін, елдің тыныштығы үшін күресіп жүрген қарапайым өртсөндірушілер жайында жазуды жөн көрдік.Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта мен көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген. Төтенше жағдайдың алдын алып, қоғамның қауіпсіздігі жолында күні-түні тер төгіп жүрген өртсөндірушілер де тәлім-тәрбиеден бөлек, тыңғылықты дайындықтың арқасында сенім үдесінен шығып жүр.

ЕЛГЕЗЕК ЕЛЖАН 

2012 жылғы желтоқсан айында Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы  Жаңатас қаласы мен іргелес ауылдарда  арты дауылға ұласқан алапат жел болды. Қарлы боран секундына 50 метр жылдамдықпен соққан кезде көшеде адам түгіл, көліктер де жүре алмай қалған еді. Көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, биік бағандардағы электр сымдары үзілді. Шағын қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ету қиынға соқты. Сын сағатында төтенше жағдайлар басқармасының телефонында тыным болған жоқ. Қарлы бораннан адасып кеткендер бірінен соң бірі хабарласып жатты. Осындай сәтте қарауыл бастығы  Елжан Ережепов те оқиға орнынан табылды. Тұрғындардың бірін қар құрсауынан құтқарып келсе, екінші жақтан тағы да шақыртулар түсіп жатыр. Дәл осы уақытта желдің күшімен полиция автокөлігінің теміржол көпірінің үстінен құлап кеткендігі туралы хабар жетті. Елжан бастаған топ қызметкерлерді автокөліктен шығарып, қарлы бораннан құтқарды. Артынша алып ағаштың 6 автокөлікті басып қалғандығы туралы ақпарат түседі. Желдің күштілігі сондай, тіпті үлкен талдардың өзін тамырымен қопарып тастаған. Абырой болғанда, жаншылып қалған көліктерден ересек адамдар мен кішкентай балаларды  аман-есен сыртқа алып шығады. 
Елжан Толыбайұлы 1988 жылы 12 шілдеде Тараз қаласында дүниеге келген. 2006-2010 жылдары Көкшетау техникалық институтында оқып, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алып шығады. Бүгінде Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы. Азаматтық қорғау подполковнигі. I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Авариялық құтқару жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Елжан әңгіме арасында қызметтік жолында бастан кешкен бір оқиға туралы айтып берді.  


– 2021 жылдың 29 қазанында күндізгі сағат 12-ден 6 минут кеткенде Жамбыл ауданындағы Аса ауылының Абай көшесінде орналасқан «Амангелді газ өңдеу» зауытында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Хабар алысымен жолға шықтық. Дайындалып жатқанымызда зауыт жақтан қатты жарылыстың дауысы естілді. Сол кезде бөлімнің терезелері дүмпудің әсерінен сынып жатты. Арақашықтық жақын болғандықтан екі минутта жеттік. Жолда кетіп бара жатып аудандық гарнизон бойынша  шақырту жібердім. Өрт шыққан аймақтағы жауапты мамандарға хабарласып, адамдарды сыртқа шығаруды өтіндім. Байзақ ауданындағы жарылыстың болғанына да көп уақыт өте қоймаған. Жігіттер жағы жүректері шайлықса да «бара көрерміз» деп тастүйін дайын отырды. Барсақ, сыйымдылығы 2000 текше метр болатын резервуар отқа оранып жатыр екен. Маңайында зауыт жұмысшылары жанұшыра айғайлап жүр. Жалынның биіктігі шамамен 20 метр. Жанында аралары жақын орналасқан тағы сондай 5 резервуар тұр. Басты мақсатым – өртті келесі резервуарға өткізбеу болды. Бұл резервуарлар дайын өнімдерді сақтау аймағындағы жеңіл тұтанғыш сұйықтықтар еді. Егер жарылыс орын ала қалса  жақын тұрған Аса ауылын отқа орап алатын қаупі бар. Тез арада өртсөндірушілерді екі топқа бөлдім. Бірінші топты өзім, екінші топты қарауыл бастығы Дәурен Байғараев басқарып, резервуарды салқындату жұмыстарын жүргіздік. Жақындау мүмкін емес. 20 метр қашықтықтан су шаштық. Жалынның ыстығы бет қаратар емес. Әйтеуір оқпанмен үздіксіз су шашып,  өртті ауыздықтадық. Менімен бірге осы өртке қатысқан өртсөндірушілердің еңбегі ерлікпен пара-пар, – дейді ол.

АНТЫНА АДАЛ АСХАТ

Қауіпті мамандықты жанына серік еткендердің  бірі – азаматтық қорғау подполковнигі Асхат Тоғызбаев. Ол 1983 жылы 20 маусымда Тараз қаласында дүниеге келген. 2004 жылдары ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығы бойынша тәмамдайды.  2004-2014 жылдары Жаңатас қаласындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің, Тараз қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің инженері қызметтерін  атқарады. 2015-2018 жылдары Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына қарасты Өрт сөндіру байланыс пунктінің бастығы қызметін атқарады. 2019 жылдан бастап Кезекші өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары болып тағайындалды. 
2014 жылы жаз айында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің орталық пунктіне Тараз қаласы, «Қаратау» ықшамауданында орналасқан №37 үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түседі. Хабар алысымен  кезекші ауысымның қарауыл бастығы, өртке қарсы қызмет капитаны Асхат Тоғызбаевтың басшылығымен бөлімше командирі Бекмұрат Сұрабалдиев, өртсөндірушілер Бауыржан Мұханов, Арман Отарбаев, Мұхамеджан Құлдыбаев, Серік Күнбасов жолға шығады. Қарауыл бастығы  тұрғындардың жанайқайларын ескеріп, бара жатқан жолда өртсөндірушілерге газ түтінінен қорғайтын аппараттарына тездетіп қосылуға бұйрық береді. Онысы барған кезде дереу іске кірісіп кетуге дайындық болатын. Олар оқиға орнына келген кезде көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында жиналған тұрмыстық заттардың отқа оранып жатқанын және жоғарғы қабаттан секіреміз деп тұрған адамдарды байқайды. 


– Үйдің бірінші қабатындағы дәліз түгел отқа оранған. Оттың жалыны уақыт өткен сайын ұлғайғаны сонша, құтқарамыз деп жоғарыға қарай ұмтылғандардың бетін қарып, көтерілуге мұрша бермей жатты. Жоғарыдағылар  өрттің жалынынан үрейленіп, секіруге оқталуда. Сол кезде өртсөндірушілер тұрғындарды сабырға шақырып, бәрінің де құтқарылатынын айтып тыныштандыруға тырысып бақты. Тез арада екінші бригаданы шақырттым. Содан кейін өртсөндірушілермен бірге аппараттарды арқалап жоғарғы қабатқа көтерілдім. Бірінші қабаттағы өртті сөндіруге оқпанды бағыттап, жалынды бәсеңдеткен кезде қатты ыстықтан көтерілген судың буы дәлізде жүрген тұрғындарға тигенін байқадық. Өртсөндірушілер Бекмұрат Сұрабалдиев, Бауыржан Мұханов, Арман Отарбаевтармен бірге ыстық бу арасынан өтіп, кішкентай балаларды сыртқа алып шықтық. Осылайша 30-ға жуық ересек адам мен балаларды от құрсауынан құтқарып қалдық. Көп ұзамай  келесі кезекші топ та келіп жетті. Бас-аяғы бір жарым сағаттың ішінде өртті сөндіріп, 100-ге жуық адамды қауіпсіз орынға шығарыппыз. Сонымен қатар бірінші қабатта орналасқан резеңке дөңгелектер, газ баллондары және сол сияқты жанғыш заттарды сыртқа тасыдық. Менің орнымда кім болса да осылай жасар еді. Азаматтық борышымды, қызметімді адал атқаруға әрдайым дайынмын, – дейді Асхат Тоғызбаев.


Көп ұзамай аталмыш өртті сөндіруге  қатысқандар жоғары басшылық тарапынан алғыс алыпты. Кейін анықталғандай, өрттің шығу себебі тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарағандығынан болған екен. 
Жылдың қай мезгілінде болсын төтенше оқиғалар жиі орын алып тұрады. 2022 жылдың 30 желтоқсанында  өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылында қонақүй жанында үлкен өрт болып жатқаны жөнінде хабар түседі. Сөйтіп, құтқарушылар дереу жолға шығады. Жаңа жылдың қарсаңындағы қатты аяз бет қаратар емес. Оған қоса боран бар дегендей, сол күнгі суық ерекше болып тұрды. Оқиға орнына келген кезде мамандар аумағы 500 шаршы метр болатын шөпқораның өртке оранып жатқанын көреді. Бұл уақытқа  дейін аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шамалары келгенше өртті сөндіріп жатыр екен. Жақын тұрған қонақүйдің ғимаратына өрттің өтіп кету қаупі де бар. Осы кезде Асхат Тоғызбаев газ түтінінен қорғау аппаратына қосылып, қонақүй орналасқан ғимараттың шатырына көтеріліп, тұтас және шашыраңқы тәсілімен оқпаннан су жібере бастайды. Олардың негізгі мақсаты – өрт жалынын ғимаратқа өткізбеу болатын.  Өртсөндірушілер командасы бар күштерін салып, бет қаратпас жалынға қарсы тұра білді. Асхат Тоғызбаевтың бөлімшесі сағат кешкі 21:00 шамасында шатырға шыққаннан «тілсіз жаумен» алысып, таңғы  сағат 6:00 шамасында жерге бір-ақ түседі. Үстеріндегі әбден суға малынған арнайы киімдері ызғарлы аяздың әсерінен мұзға айналған. Соған қарамастан, өздеріне жүктелген тапсырманы орындағаны жөнінде өрт сөндіру басшысына баяндайды. 
Иә, Асхат Тоғызбаев жұмысына тыңғылықты маман. Оның еселі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол I,II,III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталып,  «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл», «ҚР Полициясына 25 жыл» «Өртке қарсы қызметке 100 жыл» мерекелік төсбелгілеріне ие болды. Расында да кейіпкеріміздің ерлігі аз емес. Дейтұрғанмен өртсөндіруші оны өз міндеті деп есептейді. Өз жандарын бәйгеге тіккен Асхат сынды азаматтардың қайсарлығы көпке үлгі. 

ШАРБОЛАТТАЙ ШЫҢДАЛҒАН ШЫНБОЛАТ

2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданының Қайнар ауылындағы №28349 әскери бөлімінде орын алған оқиға  дүйім жұртты дүр сілкіндірген болатын. Сол күні «101» қызметіне хабар түсіп, алғашқылардың қатарында   Байзақ ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Шынболат Әзімбаев бастаған топ жолға шығады. Оқиға орнына келгенде құтқарушылар оқ-дәрілер сақталған қоймада тұтанған өрттің қарқын алып келе жатқанын  байқайды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген  олар тез арада өртті сөндіруге кіріседі. 


– Ойымда ештеңе жоқ, оқпанмен су шашып жатқанбыз. Бір кезде адам сенгісіз жойқын жарылыс болды. Есімді жисам, «УРАЛ» маркалы өрт сөндіргіш автокөлігінің астында жатырмын. Мұнда қалай тап болғанымды білмеймін. Жан-жағыма қарасам, қасымда ыңырсып бір өртсөндіруші жатыр екен. Бар күшімді жинап, қасымда есеңгіреп жатқан жүргізушіні сыртқа алып шығып, «Жедел жәрдем» көлігіне тапсырдым. Қарамағымдағы қызметкерлерді іздеп, олардың бас амандығын тексердім. Айналаға көз салсам, соғыс алаңында жүргендеймін. Жай екпіндеп жүріп ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге шығардым. Ет қызуымен сол кезде ештеңе білінбепті. Жарылыс кезінде өкпемді күйік шалыпты. Ұзақ ем алдым, – дейді Шынболат Берікұлы. 


Кейіпкеріміз Байзақ ауданы, Ақжар ауылының тумасы.  Өртке қарсы қызмет органдарында 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде Байзақ аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы. II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 
Шынболат куә болған тосын жайттар аз емес. 2023 жылы 26 сәуірде бөлімнің байланыс пунктіне Сарыкемер ауылының Суханбаев көшесіндегі №157 мекенжайда тұрғын үйдің және жапсарлас салынған қора жайлардың, мая шөптердің жанып жатқандығы жайлы хабарлама түседі. Шынболат бастаған жігіттер жедел түрде аталған мекенжайға жетеді. Расында да «тілсіз жау» біраз аумақты шарпып үлгерген. Ойланып тұруға уақыт жоқ. Шынболат дереу өртке оранып жатқан үйге кіріп кетеді. Түтіннің арасынан екі баланы тауып алады. Балаларды көтеріп алып, қауіпсіз жерге шығарады. Өрт көлемі үлкен болғандықтан гарнизон бойынша екінші шақырту жариялайды. Көп ұзамай қосымша күштер мен құралдар келіп жетеді. Үйдегі өртті жылдам тоқтатса да тығыз орналасқан  шөпті сөндіру ұзақ уақыт алады. Жиналған шөптің үстін өшіргенмен асты бықсып жана беріпті. Осылайша Шынболат бастаған өртсөндірушілердің тынымсыз еңбегінің арқасында жалын  ауыздықталыпты.
 Міне, біз тілге тиек еткен өртсөндіруші­лер­дің қай-қайсысы да өз ісін жетік меңгер­ген майталман мамандар. Олар өзгенің қауіпсіз­дігі үшін өз басын бәйгеге  тігуден қаймық­пай­ды. Өйткені жұмысы сондай. Ал мұндай іске екінің бірі бара бермейді. Ердің ері ғана құтқарушы атана алады. Лайым, еліміз төтенше жағдайдан аман болып, өңіріміз өсіп-өскендей берсін! 

 

 

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар