Маңғыстау облысында өткен айтыстан кейін ақын Мақсат Ақанов алты ай бойы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы ұйымдастыратын ресми шараларға қатыса алмайды. Бұған оның Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыстағы әрекеті себеп болған, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оқиға кезінде ақынның сахнада айтқан сөздерінен үзінді әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің сынына ұшырады. КТК мәліметінше, Мақсат Ақанов сахнаға мас күйде шығып, қарсыласына әдепсіз сөздер айтқан. Желі қолданушылары мұны айтыс әдебі мен сахна мәдениетіне қайшы деп бағалады.
Әлеуметтік желіде пікір білдірген Нұргүл Хасанова ақынның әрекетін қатты сынға алды. Ол айтыс сахнасында көрерменді, елді және ұлттық өнердің беделін сыйлау керектігін айтып, болған жағдайды «сахна мәдениетіне» жат әрекет деп бағалаған.
Ал Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтай бұл шара Одақтың ресми жоспарына кірмегенін айтты. Оның сөзінше, айтысты жеке кәсіпкерлер мен демеушілер ұйымдастырған. Соған қарамастан, болған жағдайдан кейін Мақсат Ақанов алдағы алты айда Одақ ұйымдастыратын ресми айтыстар мен басқа да шараларға қатысу құқығынан айырылды.
Ақынның өзі болған жағдайға байланысты ұялатындығын айтып, әзірге пікір білдіруден бас тартқан.
Оқиғаға қатысты пікір білдіргендердің пікірі әртүрлі. Бірі ақынның әрекетіне жауапкершілікпен қарау қажет екенін айтса, енді бірі жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да осы жағдайға қатысты пікір білдіргені хабарланды. Оның айтуынша, оқиғаның толық мән-жайын зерттеп алмай тұрып нақты баға беру қиын. Егер сахнадағы сөздер әзіл немесе сын ретінде айтылған болса, мұндай жағдайда ақынды жеке өзі кешіруге дайын екенін жеткізген.