23 қыркүйек күні Байзақ ауданы, Көктал ауылындағы мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам мәселесі» атты аудандық форум өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жиынның басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамда салауатты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов өз сөзінде қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайтудың, отбасы құндылықтарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Кинжеханова Диляфруз, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Сатыбалдиева Майра, аудандық Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік маманы Саекешова Жібек, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының психологы Айтбекова Гүлназ, аудандық орталық емханасы жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Жәудір Мырзаева өз бағыттары бойынша ақпарат берді.
Яғни, аналар кеңесінің қоғамдағы рөлі, қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, жасөспірімдер арасындағы салауатты қарым-қатынас мәдениеті, жастардың репродуктивті денсаулығы мен психологиялық тұрақтылығы жөнінде мамандар өз ойларын ортаға салды.
Жиынның практикалық бөлігінде қатысушылар «Green flag / Red flag» интерактивті ойынына қатысты. Ойын барысында отбасылық қарым-қатынастағы дұрыс және қауіпті әрекеттер сараланып, зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерін дер кезінде байқаудың маңызы түсіндірілді.