Қазақстанда құрылыс саласын бақылауға арналған бірыңғай цифрлық портал іске қосылады
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 14:28
- 1

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде министрлік құрылыстың барлық кезеңдерін — жоспарлаудан бастап жобалау мен нысанды салуға дейін қамтитын бірыңғай портал әзірлеп жатыр. Бұл жүйе «бірыңғай терезе» қағидатымен жұмыс істеп, қажетті қызметтерді түрлі салалық жүйелермен автоматты түрде байланыстыра отырып ұсынуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда портал 89 қаланың жобалау құжаттарын және инженерлік инфрақұрылымның 92,4%-ын қамтып отыр. Қала құрылысы процестерінің ашықтығын арттыру және жобалардың талаптарға сәйкестігін бақылау мақсатында әрбір нысанға бірегей тіркеу нөмірін енгізу жоспарлануда. Бұл нөмір құрылыс құжатының бастамасынан нысан пайдалануға берілгенге дейінгі бүкіл кезеңін нақты қадағалауға мүмкіндік береді.
Салада цифрландыруды жетілдіру аясында жасанды интеллект технологиясы да енгізіледі. Министрлік елді мекендер аумағын компьютерлік көру арқылы зерттеп, нақты жоспардың цифрлық нұсқасымен салыстыратын бақылау жүйесін сынақтан өткізуді көздеп отыр. Егер жобада ауытқушылықтар анықталса, жүйе бұл туралы мемлекеттік бақылау органдарына автоматты түрде хабар береді.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты — құрылыс барысын бақылау. Бұл үшін құрылыс саласының барлық қатысушыларына арналған E-Qurylys атты бірыңғай цифрлық алаң енгізіледі. Бұл платформада:
Атқарушылық және техникалық құжаттамалар жүргізіледі;
Техникалық қадағалау нәтижелері тіркеледі;
Профилактикалық бақылау жүзеге асырылады;
Қатысушылардың біліктілік талаптарына сәйкестігі тексеріледі;
Инженерлік-техникалық мамандар, сарапшылар мен рұқсаттарға арналған бірыңғай тізілім жүргізіледі.
Жаңа жүйені ең алдымен мемлекеттік және квазимемлекеттік нысандарда қолдану міндетті болады. Бұл — елдегі құрылыс сапасын арттырумен қатар, ашықтық пен бақылауды жүйелі етуге бағытталған маңызды қадам.