
Жамбыл облысында "Қарасора-2025" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы ресми түрде басталды, деп хабарлайды baq-orda.kz
Бағдарламада кинологиялық қызметтің сахналық қойылымдары, есірткі қылмысына қарсы күресте қолданылатын техникалар көрсетілімі, сондай-ақ акциялар мен флешмобтар болды.
Алғаш болып Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйледі. Ол мемлекеттің, қоғам өкілдерінің және жастардың нашақорлықтың алдын алудағы бірлесіп күш салуының маңыздылығын атап өтті және іс-шараның айтарлықтай нәтиже беретініне сенім білдіретінін айтты.
ПД бастығы Бақытжан Малыбаев Ел Президентінің Жолдауында айтылған басым міндеттердің бірі есірткіге қарсы күрес екенін тағы да ескертіп өтті.
Аудандық полиция бөлімдері бастықтарының қатысуымен өткен кеңесте ол есірткі тасымалдау арналарын анықтау мен жоюды, есірткіні елдің оңтүстік өңірлерінде дайындап, әкетуге қарсы іс-қимылды күшейтуді, сондай-ақ тыйым салынған заттарды, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға арнайы маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтар әрекетінің жолын кесуді тапсырды.
Сондай-ақ, кеңес барысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы ауқымды баяндама жасады.
Сонымен қатар, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабековтің, бірқатар аудандық полиция бөлімдері бастықтарының баяндамалары тыңдалды.
2024 жылы Жамбыл облысында "Қарасора-2024" ЖПІШ өткізу шеңберінде есірткі құқық бұзушылығының 203 дерегі, оның ішінде 76 есірткі қылмысы және 127 қылмыстық теріс қылық дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.
Сонымен қатар есірткі өсімдігін шабу және өртеу жолымен 1000 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 780 тоннаға артық.