Талас ауданында жаңа жобалар мен инфрақұрылым нысандары назарда: облыс әкімі жұмыс сапарымен барды
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 09:16
- 327
Аймақ басшысы сублимацияланған сүт өнімдерін шығаратын «Artaza» өндірістік цехының, сондай-ақ «Қаратау» теміржол станциясының құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын тексерді. Ол бұл жобалардың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтіп, құрылысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Сапар аясында күрделі жөндеуден өткен №4 «Үміт» арнайы мектеп-интернатының қызметімен де танысты.

Сонымен қатар облыс әкімі Талас ауданында өнеркәсіп және спорт саласының өкілдерімен кездесіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылады. Қаратау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен жүздесу барысында жаңа Конституцияда білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамытуға басымдық берілгенін атап өтті. Бұл бағыттар жас ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Аймақ басшысы азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге, Конституция жобасының мазмұнын мұқият зерделеуге шақырып, ел болашағы үшін конституциялық реформаның маңызы зор екенін айтты. Кездесу соңында таластық спортшыларға алдағы жарыстарда табыс тіледі.
Бұдан кейін Ербол Қарашөкеев «Talas Investment Company» ЖШС ұжымымен кездесіп, натрий цианидін өндіретін кәсіпорын қызметкерлеріне Конституцияның жаңа редакциясының негізгі бағыттарын таныстырды. Жиында адам құқықтары мен бостандықтары, қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық және цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды.




