БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жаңа Конституция - саяси жаңғырудың жаңа кезеңі: Президент маңызды бастамаларды жариялады

Жаңа Конституция - саяси жаңғырудың жаңа кезеңі: Президент маңызды бастамаларды жариялады
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформаның барысы мен жаңа Конституция жобасының маңызы туралы кеңінен тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл құжат елдің саяси жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы кезеңіне жол ашады.

«Осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өтті. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. “Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн” деген байлам жасады», – деді Президент.

Оның айтуынша, қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланып, қоғамда қызу талқылау басталған. «Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын», – деді Президент. Мемлекет басшысы азаматтардың саяси белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.

Президент қоғамдағы түрлі пікірлердің болуы ел дамуына серпін беретінін айтты. «Еліміз үшін “Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт” және “плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз” қағидаттары өте маңызды», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы саяси жүйенің эволюциялық дамуын бекітетінін атап өтті. «Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасына негізделеді», – деді Президент.

Президент соңғы жылдары жүргізілген реформалар суперпрезиденттік басқару үлгісінен біртіндеп бас тартып, ықпалды Парламенті бар президенттік республика қалыптастыруға бағытталғанын жеткізді. «Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғау басты назарда екенін ерекше атап өтті. «Ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Біз адам құқығын қорғаудың нақты тетіктері көрсетілген біртұтас жүйе қалыптастырамыз», – деді Президент.

Оның айтуынша, жобаға адвокатура туралы жеке бап енгізілген, білім беру саласына ерекше мән берілген және мемлекеттің зайырлы сипаты нақтыланған. «Ал “Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі” деген тұжырым қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталған», – деді Президент.

Сонымен қатар табиғатты қорғау мәселесі де жаңа Конституция жобасында маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Президент тұрғын үйге қатысты нормаларды күшейту қажеттігін де айтты. «Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға сот шешімінсіз жол берілмейді деген норманы енгізу керек деп санаймын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жалпы алғанда жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. «Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына және ұлт бірлігін нығайтуға қажетті басты қағидаттар толық қамтылған», – деді Президент.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар