Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

«Жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншікті қорғау мәселесі көрініс тапты» – Аида Балаева БҚО жастарымен кездесті

«Жаңа Конституция жобасында зияткерлік меншікті қорғау мәселесі көрініс тапты» – Аида Балаева БҚО жастарымен кездесті
Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Батыс Қазақстан облысына сапары аясында креативті дәне белсенді жастармен кездесу өтті. Делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, Жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап барды. Сондай-ақ кездесуге Мәжіліс депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, қоғамдық сектор және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Жастар ұйымдары, креативті индустрия өкілдері, волонтерлік қозғалыс, медиа және өңірлік қоғамдық ұйымдармен өткен әңгімеде жобадағы көптеген нормалардың негізгі адресаты бүгінгі жастар екеніне ерекше назар аударылды.

Аида Балаева қолданыстағы Конституция өзінің тарихи миссиясын орындағанын, ал жаңа Конституция білімге, ғылымға, мәдениет пен инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуге бағытталғанын атап өтті.

«Президент елдің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін ғылымды, технологияны және білім беруді дамыту арқылы қамтамасыз етуді стратегиялық міндет ретінде айқындап отыр. Шын мәнінде табысты мемлекет – бұл зияткерлік әлеуеті мықты, мәдени деңгейі жоғары, заманауи ойлау жүйесі қалыптасқан ұлт. Бұл үдерісте сіздердің рөлдеріңіз айрықша. Сондықтан ғылым мен білім саласындағы негізгі қағидаттарды – ғылыми шығармашылық еркіндігін, ғалым мәртебесін, білім алуды адам мен азаматтың ажырамас құқығы ретінде тануды – конституциялық деңгейде бекіту стратегиялық маңызға ие. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы мемлекеттің ұзақмерзімді жауапкершілігі, ұлт сапасына, адами капитал қуатына және елдің зияткерлік әлеуетіне бағытталған жүйелі инвестиция», – деді Премьер-министрдің орынбасары. 

Сонымен қатар Аида Балаева жедел цифрландыру мен жасанды интеллектің қарыштап дамуы жағдайында Конституция жобасында алғаш рет цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылға қатысты нормалар бекітілгенін айтты.

«Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы зияткерлік меншікті қорғау мәселесі де көрініс тапты. Оны Негізгі заң деңгейінде бекіту – креативті индустрияларды дербес әрі экономикалық маңызы бар сала ретінде мойындаудың айқын дәлелі. Өнермен, ғылыммен, цифрлық технологиялармен, дизайнмен, медиамен және мәдени контент жасаумен айналысатын жастар үшін бұл құқықтық кепілдіктердің күшейгенін білдіреді», – деді А.Балаева. 

Жиында сондай-ақ «Ассамблея жастары» жастар қанаты жетекшісінің орынбасары Залина Алиева сөз сөйледі. Ол жастардың тәжірибелік жұмысы – этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған балаларға арналған жобалар мен бастамалары туралы айтып, референдумға қатысты жастардың ұстанымын жеткізді. 

«Алдымызда референдум келе жатыр. Оның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз және бұл шешімді қолдайтынымызды атап өткім келеді. Жастардың білімін, құқықтарын және шығармашылық еркіндігін қорғайтын құжат елдің одан әрі дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Бүгінде жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері жауапкершілікті сезінеді және еліміздің тарихи дамуын қолдауы тиіс», –деді Залина Алиева. 

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы, жас ақын Әділет Орынбасаров саналы таңдау ақпаратқа деген сенім мен белсенді азаматтық ұстанымнан басталатынын алға тартып, референдум – әркімнің жеке жауапкершілігі екенін айтты. 

«Конституцияның 4-бабында: «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы деп нақты көрсетілген. Бұл – ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер халық еркімен айқындалады деген сөз. Әр азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Референдумға қатысу – жай ғана рәсім емес, бұл – азаматтық ұстаным. Әр дауыс маңызды. Әр таңдау – ортақ шешімнің бір бөлігі. Болашақ өздігінен қалыптаспайды, оны біз бүгінгі таңдауымыз арқылы жасаймыз», – деді ол. 

Кездесуге қатысқан өзге де спикерлер уақыт талабына сай Негізгі заңдағы жаңартуларды қолдайтындарын білдірді. Конституция жобасы құқықтар мен бостандықтарды нығайтуға, адами капиталды дамытуға және жастардың өз қабілет-қарымдарын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғаны, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік және ауызбіршілікті нығайтуға қатысты нормаларды қамтитыны атап өтілді. 

Кездесу соңында қатысушылар сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды және елдің конституциялық дамуының алдағы бағытын азаматтардың таңдауы айқындайтындықтан, 2026 жылдың 15 наурызында өтетін республикалық референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды екенін ерекше атап өтті. 

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар