Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбылда Нидерланд Елшісімен кездесу өтті: технология, туризм және әйелдер кәсіпкерлігі талқыланды

Жамбылда Нидерланд Елшісімен кездесу өтті: технология, туризм және әйелдер кәсіпкерлігі талқыланды
Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасында өңірдің бизнес-қоғамдастығы мен халықаралық дипломатия өкілдерін тоғыстырған маңызды кездесу өтті. Палатаның әйелдер кәсіпкерлігі, туризм және сауда жөніндегі салалық кеңестері Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николас Якоб Схемерспен бірлесе дамудың басым бағыттарын талқылады. Кездесу өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеру және халықаралық серіктестікті нығайту тұрғысынан маңызды болды.

Жиынды ашқан өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай облыстың қарапайым сауда байланыстарынан технологиялық әріптестікке көшуге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, Нидерландтың аграрлық сектордағы озық тәжірибесі өңір үшін тиімді үлгі бола алады. Әңгіме тек технология алмасу туралы емес, сонымен қатар басқару мәдениетін жетілдіру мен аграрлық білім беру жүйесін енгізу жайында өрбіді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстар да назардан тыс қалмады. Туризм және сауда салалық кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова Нидерланд символына айналған қызғалдақтардың тарихи тамыры Әулиеата өңіріндегі Грейг қызғалдағына тірелетінін айтып, Елшіні алдағы қызғалдақ фестиваліне шақырды. Бұл бастама екі ел арасындағы рухани және туристік байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға жол ашпақ.

Сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлердің 51 пайызы әйелдер екені айтылып, бұл көрсеткіш халықаралық қауымдастық үшін де қызықты тәжірибе ретінде бағаланды. Бүгінде әйел кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс пен қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды жұмыспен қамтуға үлес қосуда.

Жиын барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының кеңеюі, мемлекеттік қолдау тетіктері және жеңілдетілген несиелеу мәселелері де талқыланды. Аталған бастамалар ауылдағы шағын өндіріс иелеріне өз өнімін өңдеп, нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп отыр.

Кездесу өзара сенім мен тәжірибе алмасудың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетті. Халықаралық серіктестік тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, өңірдегі қарапайым еңбек адамдары үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар