Референдум-2026

БАҚ Орда ақпараттық порталы. Қазақстан жаңалықтары

Байланыс

  • info@yoursite.com
  • 844-698-6394
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жаңа Конституция – ашық әрі біртұтас Қазақстанды таңдау мүмкіндігі

Жаңа Конституция – ашық әрі біртұтас Қазақстанды таңдау мүмкіндігі
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Жалпыұлттық коалиция мүшелері Қостанай облысының этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады. Дөңгелек үстелге этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жас көшбасшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Кездесу барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысының негізгі кезеңдеріне тоқталып, бұл құжат мемлекет болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция – тек негізгі заңнамалық құжат және құқықтық акт қана емес, сонымен бірге мүдделер тепе-теңдігін айқындайтын және қазақстандық қоғамның заманауи сұранысы мен үміт-тілегін бейнелейтін қоғамдық келісімнің бір түрі. Ол преамбулада ынтымақ, өзара құрмет және ел болашағына ортақ жауапкершілік құндылықтары бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты қоғам тұтастығын нығайтады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева институционалдық жаңару мен биліктің барлық тармағын жаңғыртудың маңызына тоқталды. Ол ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның шешім қабылдау ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, құқықтар мен бостандықтардың берік кепілін бекітетінін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай үйлесім мемлекет пен азамат арасындағы өзара іс-қимылдың неғұрлым кемел моделін қалыптастырып, әрбір адамның шығу тегі мен мәдени ерекшелігіне қарамастан, өзін қорғалған әрі мемлекет дамуына шынайы қатысы бар екенін сезінуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Ата Заңда қоғамдық келісім, халықтың ауызбіршілігі, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық диалог қағидаттарының мемлекет үшін іргелі құндылықтар ретінде бекітілгеніне назар аударды. Сонымен қатар баршаға ортақ тең мүмкіндіктер кепілдігі Халық Кеңесі арқылы дамитынын атап өтті. Бұл орган этномәдени бірлестіктерді, мәслихаттарды және азаматтық секторды біріктіреді.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл жаңа Конституция әділетті, дербес әрі қуатты Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екенін айтты. Оның пікірінше, құжат халық шешімін құрметтеуге, қоғамдық келісімді сақтауға және өзара сенім мен ортақ жауапкершілікке негізделген жарқын болашақ құруға бағытталады. Сондай-ақ ол бұл үдерісте диалог орнатып, салт-дәстүрлерді сақтап, өзара құрметтің үлгісін көрсететін этномәдени орталықтар ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Қостанай облысындағы «Бірлік» Әзербайжан қауымдастығының төрағасы Рафаил Гаджибалаев пен Қостанай облысындағы «Қоғамдық келісім» КММ жетекшісі Наталья Рамазанова жаңа Конституцияның мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлік пен волонтерлік қызметті дамыту ісіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ олар Халық Кеңесінің қоғам бірлігін одан әрі нығайтатын алаң ретіндегі маңызына тоқталды.

Кездесу қорытындысында Қостанай облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізді. Олардың айтуынша, аталған құжат азаматтардың сұранысын ескеріп, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтады. Осы тұрғыда алдағы референдум ашық, біртұтас әрі прогрессивті Қазақстанды таңдау мүмкіндігі ретінде бағаланды. 

BAQ-Orda
Автор

BAQ-Orda

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Ұқсас жаңалықтар