Облыс кәсіпкерлеріне туризмді дамытуға бағытталған жаңа мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 19:17
- 1
Жаңа ережеге сәйкес, туристік объектілерді салуға немесе жаңғыртуға жұмсалған шығындардың 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл қолдау жаңа жобаларды іске асыруға ынталандырып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, туристік көлікті жаңарту мақсатында сыйымдылығы жүргізушінің орнын есепке алмағанда 8-ден астам орындық автобустар мен шағын автобустар сатып алған кәсіпкерлерге кеткен шығындардың 25 пайызы қайтарылады. Бұл туристерге жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге жол ашады.
Жол бойындағы сервис нысандарын дамытуға да қолдау қарастырылған. Жанармай құю бекеттері, қонақ үйлер, дәмханалар мен дүкендер салуға жұмсалған шығындардың 10 пайызы өтеледі. Бұл нысандардың Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, туристік объектілердің санитарлық-гигиеналық шығындарына ай сайын 83 300 теңгеге дейін субсидия беріледі. Бұл шара туристік тартымдылықты арттырып, сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қолдау шараларына қатысқысы келетін кәсіпкерлер өтінімдері мен қажетті құжаттарын 1 маусымға дейін пошта арқылы, қағаз нұсқада немесе электрондық форматта тапсыра алады.


