Реттеушінің мәліметінше, 2026 жылғы ақпанда жылдық инфляция 11,7%-ға дейін төмендеді (қаңтарда – 12,2%). Бағаның өсу қарқыны барлық негізгі санаттар бойынша баяулады. Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының бағасы 12,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,6%-ға, ал ақылы қызметтер 10,8%-ға өскен.
Ұлттық банк инфляцияның төмендеуіне қатаң ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы және кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулауы ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған инфляцияға қарсы шаралар да әсер етуде. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтері мен жанар-жағармай бағасын көтеруге енгізілген мораторийдің үлесі зор.
Сонымен қатар 2026 жылғы ақпанда айлық инфляция 1,1%, ал базалық инфляция 0,8% деңгейінде тіркелді. Халықтың бір жыл алдағы кезеңге қатысты инфляциялық күтулері 13,7%-ға дейін төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% аралығында болады. Кейінгі жылдары баға өсімі біртіндеп баяулайды. 2027 жылы инфляция 5,5–7,5%-ға, ал 2028 жылы шамамен 5% мақсатты деңгейге жақындайды деп күтілуде.
Ал 2026 жылға арналған ЖІӨ өсімі 3,5–4,5% деңгейінде сақталды. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, 2025 жылғы жоғары базадан кейін экономика 2026 жылы және кейінгі жылдары біршама баяу қарқынмен дамуы мүмкін. Бұған фискалдық саясаттың қатаюы және тұтынушылық несиелеудің баяулауы әсер етеді.




