Таразда «Жаңарған қолтаңба» көрмесі өтті: қолөнершілер халықаралық тәжірибемен бөлісті
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 15:57
- 5
Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Жомарт Хажының айтуынша, жоба аясында 14 қолөнерші арнайы оқудан өтіп, олардың туындылары көрмеде ұсынылды. Бағдарлама барысында ағаш өңдеу, керамика, зергерлік өнер және жібек өндірісі бағыттары қамтылған.
Үздік шеберлер кәсіби тәжірибе алмасу мақсатында Ташкент, Самарқанд және Бішкек қалаларында өткен халықаралық шеберлік сабақтарына қатысқан. Бұл сапарлар оларға жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді меңгеруге мүмкіндік берді.
Көрмеде келушілер ағаш ою өнерінің нәзік үлгілерін, ерекше керамикалық бұйымдарды, авторлық зергерлік әшекейлерді және жібек матадан жасалған қолөнер туындыларын тамашалады.
Жамбыл облысы қолөнершілер қауымдастығының жетекшісі Гүлнар Абдуллаеваның айтуынша, өткен жылы Самарқандта жібек өндірісіне қатысты тәжірибе жинақталып, тұт жібек құртын өсіру мен жібек жіп өндірудің жаңа әдістері үйренілген. Нәтижесінде жергілікті шеберлер ел бойынша алғаш рет 50 килограмм сапалы жібек шикізатын алуға қол жеткізген.
Мамандардың пікірінше, бұл тәжірибе болашақта Таразда жібек өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары өңірде жыл сайын 200–300 килограммға дейін жібек өнімін өндіру жоспарланып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер қолөнер шеберлерінің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, өңірдің мәдени әлеуетін нығайтуға және жастардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама Жамбыл облысының қолөнер саласын халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.




