Қазақстанда ЖИ дәрігерлерге инсульт пен онкологиялық ауруларды жылдам анықтауға көмектеседі
- author BAQ-Orda
- Бүгін, 16:08
- 5
Маңызды бағыттардың бірі – инсультті диагностикалау кезінде жасанды интеллектіні қолдану. Cerebra автоматтандырылған диагностика жүйесі еліміздің 9 инсульт орталығында енгізілген. Бұл технология инсульт белгілерін ерте кезеңде жедел анықтауға мүмкіндік береді, соның арқасында клиникалық шешімдерді жылдам қабылдауға және емдеуді дер кезінде бастауға жағдай жасалады. Жүйені енгізу нәтижесінде тромболитикалық терапияны қолдану 40%-ға артты. 2026 жылы бұл шешімді 33 инсульт орталығына дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Онкологиялық қызметте WDSoft компаниясы әзірлеген ауруларды ерте анықтауға арналған шешімдер енгізілуде. Радиологиялық кескіндерді талдау кезінде жасанды интеллект технологияларын қолдану сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні қолданудың арқасында онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші 32%-ға артты, ал диагностика жасау уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды. Қазіргі уақытта жоба еліміздің 12 өңіріндегі 190 медициналық ұйымда іске асырылып жатыр және оны одан әрі кеңейтіледі.
Заманауи технологиялар стоматология саласында да белсенді қолданылады. Aidentis шешімдері рентген суреттерін автоматты түрде талдап, патологиялық өзгерістерді анықтап, емдеу бойынша ұсынымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде кескіндерді талдау уақыты бір сағаттан бір минутқа дейін қысқарды.
Барлық цифрлық шешімдер Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы базасында іске асырылады. Бұл медициналық ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласын басқару тиімділігін арттыруға және Қазақстанда зияткерлік медицинаны одан әрі дамытуға негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.




