Жуалы ауданындағы «Ақсай» каналында орналасқан су реттегіш нысан соңғы 20 жылда алғаш рет толық тазартудан өтті. Жұмысты «Қазсушар» РМК облыстық филиалы жүзеге асырды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Нысанның тәуліктік сыйымдылығы 60 мың текше метрді құрайды және 2000 гектар суармалы алқапқа судың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді. Тазалау барысында 3 арнайы техника тартылып, шамамен 3 мың текше метр құм мен қиыршық тас шығарылған.
Аталған канал арқылы 75 шаруа қожалығының егістік жерлері суарылады. Бұл аумақта негізінен картоп, көпжылдық шөптер, көкөніс және дәнді дақылдар өсіріледі.
Ақсай өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулетбай Нұрабаевтың айтуынша, өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан облыстық филиалға 75 арнайы техника бөлінген, оның үшеуі Жуалы ауданына бағытталған. Қазіргі таңда сол техникалар су реттегішті тазалау жұмыстарына тиімді пайдаланылып отыр.
Маманның сөзінше, соңғы жылдары нысанның сыйымдылығы төмендеп, су жеткізу тұрақсыз болған. Қазір тазалау жұмыстары нәтижесінде су реттегіштің жобалық көлемі қалпына келтіріліп, шаруаларға су беру жүйесі бірқалыпты жүзеге аса бастайды.