Астана қаласының Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан үш бала қаза тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнынан кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған. Өрт кезінде жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетінше сыртқа шыққан.
Сондай-ақ, өрттен бір әйел зардап шеккен. Денесін күйік шалған тұрғын жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылып, №1 қалалық ауруханаға жеткізілген.
Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқыштың айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенімен, аулаға кіру барысында қиындыққа тап болған.
Куәгерлердің сөзінше, арнайы техниканың өтуіне аулада дұрыс қойылмаған көлік кедергі келтірген. Соның салдарынан құтқарушылар көлік иесін шамамен 20 минут іздеуге мәжбүр болған.
«Пандустың алдына көлік қоймаңыздар. Өрт сөндірушілер көлікті жылжыта алмай, 15–20 минут уақыт жоғалтты. Мұндай жағдайда әр секунд маңызды», — деп жазды әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.
Астана әкімдігі зардап шеккен әйелге және қаза болған балалардың отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарды аулаларда, әсіресе арнайы техникаларға арналған жолдарды жаппауға шақырады.