Контентке өту

Жамбылда жыл соңына дейін 2 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылады

Жамбылда жыл соңына дейін 2 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылады
ашық дерек

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғын үй саясатын іске асыру, халықты баспанамен қамту және жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жиында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орумбаевтың айтуынша, биыл кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге 20 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 2 035 азаматты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда облыста бюджет қаражаты есебінен 2 941 пәтерге арналған 66 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 35-ін, яғни 1 685 пәтерді жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.

Тараз қаласының 15-шағынауданында 345 пәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға берілген.

Сонымен қатар Асқаров көшесі бойындағы жаңа тұрғын алқапта 1 176 пәтерге арналған 30 несиелік үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, тағы 1 800 пәтерге арналған 36 үйдің жобасы әзірленді.

Әлеуметтік осал топтарға арналған жалдамалы тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінген. Жоспарланған 350 пәтердің бүгінде 92-сі сатып алынды.

Ербол Қарашөкеев тұрғын үй құрылысының басты көрсеткіші тек пәтер санымен өлшенбеуі керектігін атап өтті.

«Біз үшін басты көрсеткіш – пайдалануға берілген пәтерлердің саны емес, олардың сапасы. Бюджет қаражатына салынған немесе сатып алынған әрбір пәтер қауіпсіз, жайлы әрі қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Сапа бірінші орында болуы керек», – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге биыл «Отбасы банк» арқылы 1 636 жалдамалы пәтерді бөлуге жолдама берілген. Оның 1 249-ы бойынша азаматтарға оң шешім қабылданған.

Кеңесте жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін бөлу мәселесі де қаралды. Қазіргі таңда өңірде жер телімін алу кезегінде тұрған 260 197 азаматтың тізімі жаңартылып жатыр.

Облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне кезектегі азаматтардың деректерін өзектендіру және жер учаскелерін резервке қою жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ тұрғындарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдерін беруді жеделдету және белгіленген кезектілік тәртібін қатаң сақтау міндеттелді.

Кеңес қорытындысында Ербол Қарашөкеев салынып жатқан тұрғын үйлерді уақытылы әрі сапалы аяқтауды, мердігерлермен жұмысты күшейтуді, жалдамалы және несиелік пәтерлерді бөлуді жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс құнын қымбаттатып, жұмыс мерзімін ұзартуы мүмкін жобаларға негізсіз өзгерістер енгізуге жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты