Контентке өту

«Ауыл аманаты» жобасына 7 млрд теңге бөлінді: Байзақтық кәсіпкердің табысты тәжірибесі

«Ауыл аманаты» жобасына 7 млрд теңге бөлінді: Байзақтық кәсіпкердің табысты тәжірибесі

Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы биыл да жалғасуда. Бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Өткен жылы жоба аясында 5 миллиард теңге қарастырылып, нәтижесінде 800-ге жуық кәсіпкерлік жоба қаржыландырылған болатын, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Жоба ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, қатысушылар жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Бұл қаражатқа тігін цехтарын, жылыжай кешендерін ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін іске қосуға және өзге де кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға жағдай жасалған.

Бағдарламаның нақты нәтижесін Байзақ ауданындағы табысты кәсіпкерлердің тәжірибесінен көруге болады. Солардың бірі – Бурыл ауылының тұрғыны Балжан Сәрсенбекқызы. Ол «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, шағын тігін цехын ашқан.

Кәсіпкер несие қаражатына көрпе сыруға арналған заманауи автоматтандырылған компьютерлік құрылғы сатып алған. Бүгінде цехта қыз жасауы, құрақ көрпелер және ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар дайындалады. Өнімдері тек аудан көлемінде ғана емес, еліміздің әр өңірінен де жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар кәсіпкер ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Балжан Сәрсенбекқызының айтуынша, тапсырыстардың басым бөлігі Instagram мен TikTok әлеуметтік желілері арқылы қабылданады. Ай сайын цехта орта есеппен 5–6 қыз жасауы дайындалып, 20–30 көрпеге жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ несиелендіру департаментінің басшысы Асыл Ақбердінің айтуынша, ауыл тұрғындары ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін кооперативтерге біріге алады.

Бағдарлама талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін берілетін несиенің ең жоғары мөлшері 34,6 миллион теңгеге дейін болса, кооператив мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар 10,8 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие рәсімдей алады.

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдағы табыс көзін көбейтуге және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде көптеген ауыл тұрғындары жеке шаруашылығын тұрақты әрі табысты кәсіпке айналдырып, өңір экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты