Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырып, отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын өнегелі отбасы тұрады. Көпбалалы ана Перизат Құрбанова мен жұбайы Жәнібек Ақшабаев өздерінің табандылығы мен ауызбіршілігінің арқасында шағын кәсіпті дамытып, ауыл тұрғындарына үлгі болып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Төрт баланы тәрбиелеп отырған Перизат Құрбанова ана болу міндетімен қатар сүйікті ісін табыс көзіне айналдыра білген іскер жан. Ол жұбайымен бірге үй жағдайында тігін шеберханасын ашып, отбасылық кәсіптің негізін қалаған.
Кәсіптің дамуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үлкен серпін берді. Отбасы мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, бөлінген қаражатқа заманауи тігін машиналары мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Нәтижесінде олар балаларға арналған сәнді көйлектер мен түрлі мерекелік киімдерді тігуді қолға алды.
Бүгінде Перизаттың қолынан шыққан әрбір бұйым сапасымен, ұқыптылығымен және ерекше талғамымен ерекшеленеді. Әсіресе балаларға арналған мерекелік көйлектер мен сахналық костюмдерге сұраныс жоғары. Оның әрбір туындысынан өз ісіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті аңғаруға болады.
Отбасылық кәсіптің табысты дамуына Жәнібек Ақшабаевтың да қосып отырған үлесі зор. Ол жұбайының барлық бастамасына қолдау көрсетіп, кәсіптің өркендеуіне атсалысып келеді. Ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы, сенімі мен ортақ мақсаты олардың кәсіп пен отбасы міндеттерін қатар алып жүруіне мүмкіндік беруде.
Перизат пен Жәнібек үшін басты байлық – отбасының амандығы, бала тәрбиесі және шаңырақтың берекесі. Олар адал еңбек арқылы өз тұрмысын жақсартып қана қоймай, жастарға еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және табандылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасының қоғамдағы орны ерекше екенін үнемі атап келеді. «Отан – отбасынан басталады» деген қағида дәл осындай шаңырақтардың өмірінен айқын көрініс табады. Өйткені ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және еңбекке баулу ең алдымен отбасынан бастау алады.
Бүгінде Құрбановтар отбасы қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта Перизат Құрбанова үйдегі шағын шеберхананы кеңейтіп, жеке тігін цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл оның еңбекқорлығы мен өз күшіне деген сенімінің айқын көрінісі.
Еңбек пен бірлікті өмірлік қағида еткен бұл отбасы Сарыкемер ауылының ғана емес, тұтас Байзақ ауданының мақтанышына айналып отыр. Олардың өмір жолы адал еңбек пен ауызбіршіліктің әрдайым береке мен табысқа жеткізетінін дәлелдейді.