Жамбыл облысының энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде газ тасымалдау және тарату инфрақұрылымының маңызы зор. Өңір аумағы арқылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Бухара газнасосты аумақ – Ташкент, Бішкек, Алматы», «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырлары және «Амангелді газ» кенішінен өндірілетін газ тасымалданады.
Облыстағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 7 658,5 шақырымды құрайды. Соңғы үш жылда «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында 1,1 млрд теңгеге 57,1 шақырым газ құбыры жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейі 23,6 пайызға дейін төмендеді.
Газды тұрақты тарату үшін «Интергаз Орталық Азия» АҚ қарамағындағы 18 автоматты газ тарату станциясы жұмыс істейді. Олардың жобалық қуаты сағатына 555,8 мың текше метр болса, нақты жоғары қуаты 438,9 мың текше метрді немесе 78,9 пайызды құрайды. Жаңадан салынып жатқан нысандарды есепке алғанда, ең жоғары өнімділік 504,3 мың текше метрге дейін жетеді.
Қазіргі қолданыстағы газ тарату жүйесінің қуаты тұтынушыларды табиғи газбен қамтамасыз етуге жеткілікті. Өткізу қабілеті бойынша техникалық тапшылық жоқ.
Сонымен қатар, өңірде газ тұтыну көлемі де артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында облыста 1 171 млн текше метр табиғи газ тұтынылды. Оның 308,6 млн текше метрі халыққа, 97,2 млн текше метрі отын-энергетика кәсіпорындарына, 736,7 млн текше метрі өнеркәсіптік кәсіпорындарға, 28,5 млн текше метрі коммуналдық мекемелерге тиесілі.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108 млн текше метрге артқан. Ал жыл соңына дейін облыста жалпы 2 053 млн текше метр газ тұтынылады деп жоспарланып отыр.
Өнеркәсіптік сектор газ тұтынудың негізгі үлесін қалыптастырады. Жылдық жоспар бойынша кәсіпорындардың тұтынуы 1 296 млн текше метрді құрайды. Бұл өңір экономикасындағы өндірістік нысандардың энергиямен қамтамасыз етілуінде табиғи газдың маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Газ тұтынудың өсуімен қатар инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Жаңа желілер салу, қолданыстағы құбырларды жаңғырту және автоматты газ тарату станцияларын іске қосу арқылы облыстың газ жүйесінің тұрақтылығы күшейтілуде.
Алдағы кезеңде газдандыру деңгейін 92,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте инфрақұрылымды дамыту тек халықты көгілдір отынмен қамтуды емес, өңірдің өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді де көздейді.