Контентке өту

Ғылыми мұра және жас зерттеушілер: педагогика ғылымын дамытудағы жаңа қадам

Ғылыми мұра және жас зерттеушілер: педагогика ғылымын дамытудағы жаңа қадам

Жамбыл облысында қазақстандық ғылымды насихаттау, отандық ғалымдардың ғылыми мұрасын дәріптеу, жас зерттеушілерді қолдау және жоғары білім беру жүйесіндегі ғылыми әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта өңірлік жоғары оқу орындарында ғылым мен білімнің сабақтастығын қамтамасыз етуге, ғылыми мектептерді дамытуға және жас ғалымдардың зерттеу қызметіне қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде.

Осы орайда М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының дамуына өлшеусіз үлес қосқан академик Оңғарбай Сәлімбайұлының есімімен аталатын ғылыми-зерттеу орталығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен білім саласының мамандары қатысты.

Ғылыми-зерттеу орталығының негізгі мақсаты – педагогика ғылымының өзекті бағыттарын дамыту, академиктің бай ғылыми мұрасын жүйелеу және оны ғылыми айналымға енгізу арқылы жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету.

Салтанатты жиында сөз сөйлегендер академик Оңғарбай Сәлімбайұлының ғылым мен білім саласындағы еңбегіне жоғары баға беріп, оның ғылыми мұрасы бүгінгі педагогика ғылымы үшін маңызды бағыт-бағдар болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа орталықтың ғылыми зерттеулерді дамытуға, жас ғалымдардың кәсіби қалыптасуына және ғылыми қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Іс-шара барысында академиктің өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған естелік бейнеролик көрсетіліп, оның ұстаздық қызметі, ғылыми еңбектері мен шәкірт тәрбиелеудегі өнегелі жолы кеңінен таныстырылды.

Жаңа ғылыми-зерттеу орталығы педагогика саласындағы заманауи зерттеулерді жүргізуге, инновациялық ғылыми жобаларды іске асыруға, жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға және ғылым мен жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталмақ. Бұл бастама өңірдегі ғылыми ортаны нығайтып қана қоймай, отандық ғылымды дәріптеуге және жаңа буын ғалымдарын қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты