Кез келген өңірдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен инвестициялық тартымдылығымен бағаланады. Кәсіпкер келуге қызығатын, өндіріс ашуға мүмкіндік бар, инфрақұрылымы дамыған аудан ғана ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ете алады. Соңғы жылдары Т.Рысқұлов ауданында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, нақты нәтижесін бере бастады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бес айдың қорытындысында ауданға тартылған негізгі капитал көлемі 7,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 185,8 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өңірдегі инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай артқанын білдіреді. Экономиканың әртүрлі саласына бағытталған қаржы жаңа өндірістердің ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және тұрақты жұмыс орындарының құрылуына негіз болып отыр.
Бүгінде ауданда бір ғана бағыт емес, бірнеше сала қатар дамып келеді. Қызмет көрсету секторында жаңа «Ханшатыр» мейрамханасының құрылысы аяқталуға жақын. Білім беру саласында жеке инвестиция есебінен «Дарын» оқыту орталығы іске қосылды. Бұл жоба заманауи білім беру қызметтерін ұсынумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Өнеркәсіп саласында да серпінді жобалар жүзеге асырылуда. «Golden Compass Capital» акционерлік қоғамының тау-кен өндірісіне арналған жаңа техникаларды сатып алуы өндірістің техникалық әлеуетін күшейтсе, «Tausu» минералды су шығаратын зауыттың құрылысы өңдеу өнеркәсібінің мүмкіндігін кеңейте түсуде. Сонымен қатар «Gakku Qus» серіктестігінің инкубациялық жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасының алғашқы кезеңі басталып, ауыл шаруашылығы өндірісінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашылды.
Инвестициялық жобалардың тиімділігі тек қаржы көлемімен өлшенбейді. Ең бастысы – олардың әлеуметтік әсері. Биылдың өзінде іске асырылған алты жоба аясында жүзге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрақты еңбекпен қамтылып, жергілікті экономиканың белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.
Ауданның даму жоспары мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың қатарында заманауи құс фабрикасы, сүт-тауарлы ферма, жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын өндіріс орны, кварцитті терең өңдеу кешені, ауыз су зауыты, жеңіл автокөлік тіркемелерін шығаратын цех секілді өндірістік бастамалар бар.
Әсіресе құны 20 миллиард теңгені құрайтын кварцит өндірісін байыту фабрикасының жобасы ерекше назар аудартады. Бұл жоба іске асқан жағдайда аудан тек шикізат өндіруші емес, дайын өнім шығаратын өндірістік орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Сондай-ақ Қытай инвесторларымен жүзеге асырылатын ауыз су өндіру зауыты мен түркиялық технология негізінде жаңбырлатып суару жүйелерін құрастыру өндірісі де өңірге жаңа технологиялардың келуіне жол ашады.
Инвестиция тек өнеркәсіппен шектелмейді. Туризм саласында да бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. «Nazar Eco–Ferma» этноауылы мен форель шаруашылығы, халықаралық автодәліз бойындағы қызмет көрсету кешені, тау бөктеріндегі этнотуристік демалыс орны және қонақ үй кешендері ауданның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл жобалар ішкі туризмді дамытуға ғана емес, жол бойындағы сервистің сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді.
Экономиканы әртараптандырудың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығына инвестиция тарту. Мал бордақылау алаңдары мен сүт өңдеу кәсіпорындарының салынуы аграрлық сектордың тиімділігін арттырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауданның экспорттық әлеуетін де күшейтеді.
Бүгінгі таңда Т.Рысқұлов ауданында қалыптасқан инвестициялық ахуал мемлекеттік қолдау мен жеке бизнестің өзара тиімді серіктестігінің нәтижесін көрсетіп отыр. Инженерлік инфрақұрылымның дамуы, өндірістік жобалардың көбеюі және кәсіпкерлік бастамалардың қолдау табуы өңір экономикасының жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын аңғартады. Ал алдағы бірнеше жылда жүзеге асатын жобалар ауданның өндірістік картасын жаңартып қана қоймай, жүздеген адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына және жергілікті бюджеттің кірісінің артуына да елеулі үлес қоспақ.