Т.Рысқұлов ауданында ауыл шаруашылығының дамуына мемлекеттік қолдау бағдарламалары елеулі үлес қосып келеді. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бағдарлама аясында ауданның 15 ауылдық округіндегі тұрғындарға жеңілдетілген несие беріліп, көптеген азамат өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алды. Мал басын көбейту, шағын өндіріс ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жобалар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға оң әсерін тигізуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Аграрлық саладағы инвестициялық жобалар да аудан экономикасына тың серпін беріп отыр. Қазіргі таңда ірі мал бордақылау алаңдары, сүт-тауарлы фермалар, құс фабрикасы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған кәсіпорындардың құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар шикізатты өңдеу көлемін арттырып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығындағы оң өзгерістер халықтың әлеуметтік жағдайына да ықпал етуде. Тұрақты табыс көздерінің артуы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, мемлекеттік әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар санының азаюына әсер етіп отыр. Бұл ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау мен еңбекке ынталандыру шараларының нәтижелі екенін көрсетеді.
Экологиялық бастамалар да назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан бойынша жүз мыңнан астам көшет отырғызылды. Ал күз мезгілінде тағы ондаған мың ағаш егу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркін жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жалпы, бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы аграрлық сектор дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілінен заманауи әрі тиімді өндіріс жүйесіне көшіп келеді. Мемлекеттік қолдау, инвестиция тарту, техникалық жаңғырту және жаңа өндірістердің іске қосылуы аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз қалап, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға нақты үлес қосуда.