Желіде Әсел Исабаеваның Kazakhstan Fashion Week Astana шарасында түскен суреттері кеңінен таралып, көпшілік назарын аударды. Оның бейнесі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды baq-orda.kz
Сән апталығы аясында түсірілген фотоларды Instagram желісінде ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген бапкер Әлия Юсупова жариялаған. Сонымен қатар, Threads желісінде де Исабаеваның Астананың сәнді аруларымен бірге түскен бірнеше суреті тарады.
Желі қолданушылары оның стиліне ерекше назар аударып, түрлі пікір қалдырған. Олардың бірі:
«Бүгін Астананың зиялы аруларының бәрі біздің бірінші ханым Әсел Исабаевадан көз алмай қарады. Оны танитындар біледі: ол көзге ұрып тұратын брендтерді кимейді. Стилі – ерекше, қарапайымдылықтың астарындағы байсалды салтанат», – деп жазған.
Ал кейбір пікірлерде түрлі көзқарастар айтылды:
«Керемет әйел! Бірақ Сара Алпысқызынан кейін ол әрдайым екінші болады»,
«Әдемі әйел, бірақ оның “тоқал” деген аты адам тартпайды», – деп жазды желі қолданушылары.
Әсел Исабаева кім?
Astana Ballet театрының арт-менеджері Әсел Исабаева – өнер ұжымын құрушылардың бірі әрі хореографиялық бағыттың негізгі концепциясының авторы ретінде танымал. Театрдың ресми сайтында осындай мәліметтер көрсетілген.
Сонымен қатар, ашық дереккөздерге сүйенсек, ол Қазақстандағы көркем гимнастиканы қолдау және дамыту қорын да басқарады.
Желіде тараған суреттердің де дәл осы театр сахнасында түсірілгені байқалады.