Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру стратегиялық маңызы бар міндет екенін мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін жаңа көзқарас пен жаңа жұмыс тәсілдері қажет. Әлемдегі геосаяси және экономикалық ахуал күрделене түскеніне қарамастан, Қазақстан салиқалы саясат жүргізіп, тұрақты даму бағытын сақтап келеді.
Мемлекет басшысы өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өскенін атап өтті. Оның сөзінше, жалпы ішкі өнім Қазақстан тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асып, жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың доллардан жоғарылаған. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі.
Президент инфляция деңгейі де төмендегенін айтып, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша ол 10,4 пайызға дейін түскенін жеткізді. Сонымен бірге бұл көрсеткішті одан әрі төмендету қажеттігін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты екенін, ұлттық валютаның сыртқы сын-қатерлерге төтеп бере алатынын айтты. Сондай-ақ Парламент, Үкімет және Ұлттық банктің бірлескен жұмысының нәтижесінде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында маңызды қадамдар жасалғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қабылданған Бюджет және Салық кодекстері елдің экономикалық жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тәсілдерін енгізуге негіз қалады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде көлік, тұрмыстық техника, жүк вагондары, құрылыс материалдары және басқа да өнімдер шығаратын жаңа өндіріс орындары іске қосылып жатқанын айтты.
Президенттің мәліметінше, 2023–2025 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны ашылып, бұл мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылмақ.
Бұл жобалардың нәтижесінде салық түсімдері артып, өндірістерге жаңа технологиялар енгізіледі және мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазірдің өзінде іске қосылған жобалар аясында 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған, ал алдағы жобалар жүзеге асқаннан кейін тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Президент мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығы шағын және орта бизнестен табыс табады. Соңғы бес жылда бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 миллион адамға жетіп, жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы осы сектордың үлесіне тиесілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілгенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.