Жамбыл облысында қазақстандық ғылымды дамыту және насихаттау, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін дәріптеу, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау, жоғары білім беру сапасын арттыру және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы міндеттерді іске асыруда халықаралық серіктестікке негізделген білім беру және ғылыми жобалардың маңызы ерекше.
Осы орайда Тараз қаласындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалында Қамқоршылық кеңестің II отырысы өтті. Басқосуға университет басшылығы, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева, индустриялық серіктестер, мемлекеттік органдардың өкілдері, білім және ғылым саласының мамандары қатысты.
Жиын барысында филиалдың нәтижелері қорытындыланып, алғашқы отырыста қабылданған шешімдердің орындалу барысы қаралды. 2026–2027 оқу жылына арналған негізгі даму бағыттары мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарлар бекітілді. Сонымен қатар, химия өнеркәсібі үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Отырыс барысында студенттер мен жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді қатысуына жағдай жасау, өндірістік тәжірибелердің сапасын арттыру, заманауи ғылыми зертханалар құру және халықаралық академиялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар өңірдегі ғылыми әлеуетті арттыруға, жас ғалымдарды қолдауға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қамқоршылық кеңестің шешімімен жаңа бакалавриат бағдарламаларын ашу, магистратура және PhD бағдарламаларын іске қосу, ғылыми зерттеулер ауқымын кеңейту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамалар қолдау тапты.
Айта кетейік, Тараз қаласындағы Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы – «Қазфосфат» ЖШС, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің бірлескен жобасы. Бүгінде филиал өңірдегі химия-технологиялық білім беру мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып, еліміздің стратегиялық маңызды салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлауға жағдай жасап келеді.