Контентке өту

Қазақстан инвестиция тартудағы көшбасшылықты нығайтып келеді

Қазақстан инвестиция тартудағы көшбасшылықты нығайтып келеді

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық ахуалы, экономиканың тұрақты дамуы, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы басым бағыттар туралы сөз сөйледі, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президент өз сөзінде Қазақстанның жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында да тұрақты даму бағытын сақтап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі басты міндет – экономикалық және саяси жүйені жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеу.

Мемлекет басшысы сыртқы экономикалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өскенін айтты. Елдің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асып, Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция тарту бойынша көшбасшылық орнын сақтап отырғанын жеткізді. Бүгінде елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, өңірге келген барлық инвестицияның шамамен 70 пайызын құрап отыр.

Президент бұл нәтижелердің негізінде еліміздегі саяси тұрақтылық жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жалпыұлттық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция инвесторлардың құқықтарын халықаралық талаптарға сай қорғауға мүмкіндік беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықаралық бизнес үшін қолайлы институционалдық орта қалыптасқанын да тілге тиек етті. Инвестициялық рәсімдерді жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылған. Ал Инвестициялық штаб инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Сонымен қатар елімізде шетелдік кәсіпкерлерге арналған жаңа мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер мен көші-қон рәсімдерін жеңілдететін Altyn visa бағдарламасы іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Жиында Президент әлемнің жаңа технологиялық кезеңге аяқ басқанын айтып, жасанды интеллекттің алдағы жылдары жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналатынын атап өтті. Оның пікірінше, инвестициялық саясатта жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық беру мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, инвесторларға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартады.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион АҚШ долларына жуықтайтынын айтты. Осыған байланысты Қазақстан бұл бағытты қарқынды дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, былтырғы Жолдауда Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылған болатын. Осы жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Сонымен бірге азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, Конституцияның жаңа редакциясында жеке деректерді қорғау кепілдігі бекітілді. Институционалдық негізді күшейту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады.

Президент Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты қадамдар жасап жатқанын айтты. Атап айтқанда, еліміз Орталық Азияда алғаш болып екі суперкомпьютерді іске қосты.

Сондай-ақ Парламент қабылдаған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы инновацияларды дамытуға, инвестиция тартуға және халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге құқықтық негіз қалыптастыратыны айтылды.

Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстанда Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл жоба әлемдік капитал мен жетекші технологиялық компанияларды біріктіретін ірі цифрлық хабқа айналмақ. Қазіргі таңда Amazon, G42 және басқа да халықаралық технологиялық компаниялар аталған экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Осылайша, Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру, цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу алдағы кезеңдегі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екені айқындалды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты